Шымкентте «TikTok» арқылы құмар ойындарын ашқандар анықталды

Шымкентте «TikTok» арқылы заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырды деген күдікпен 1995 жылғы азамат ұсталды.

Оның интернет арқылы төрт аккаунтпен жұмыс істегені анықталды. Күдікті ТикТок аккаунттармен тікелей эфирде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Банк қосымшаларын шолу кезінде соңғы бір айда 15 млн теңге айналымда болғаны белгілі. Мұны Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Тексеріс барысында ұялы телефондар, карта таратуға арналған аппараттар, ойын карталары, ойыншылардың есімдері көрсетілген тізім айғақты заттар ретінде тәркіленіп алынды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Өзінің жауабында ол тікелей эфир арқылы ойнатқан ТикТок аккаунттарды және ақша қаражаттарының түсуімен аударылуын қадағалайтын банк картасын бейтаныс азаматтардан сатып алып, пайда табу мақсатында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғанын атап көрсетті. Ұялы телефонда орнатылған банк қосымшасына талдау жасау барысында соңғы бір ай ішінде жалпы ақша қаражаттарының айналымы 15 млн теңге болғаны анықталды. Бұзушылықтың мән-жайы анықталуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.