Шымкентте бір айда қарбыздан 150 адам ұшынып қалды

Дәмі тіл үйіретін тәтті қарбызды таңдау да өнер.

Бұл туралы қаншама бағбан кеңес берді, қанша журналист мақала жазды. Ал шіліңгір шілденің аптап ыстығында саудасы қызған қауын мен қарбыз құрамы қаншалықты қауіпсіз!? Мәселен, Шымкентте бір айдың ішінде бақша өнімдерінен уланғандар саны 150 адамға жетті. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жүгінген ересектер мен жасөспірімдер түрлі ішек инфекциясына шалдыққан. Дәрігерлер тез бұзылатын тамақ өнімдерінің сақтау ережесіне мұқият болу керектігін айтады.

Ауру астан. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында науқастар саны күн санап көбейіп барады. Бір айда 300-ден аса адам ем қабылдауға жатқызылса, оның тең жартысы түрлі ішек инфекциясына шалдыққан. Дәрігерлер биылғы көрсеткіш анағұрлым жоғары екенін айтады. Сондықтан тағамның сапасы мен оны сақтау ережесіне жіті мән беру керек, дейді. 

Баян Рыстаева, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Жалпы науқастардың жартысанан көбісі осы бақша өнімдері мен ерте піскен қарбыз өнімдерінен улану болып жатыр көбінесе. Күннің күрт 44-45С ысуына байланысты бұл аурулар көбейеді деп айта аламыз.

Ал қалалық санитариялық - эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, соңғы 6 айда 320 адам астан уланған. Мониторингтік бақылау тобы сауда орындары мен базар сөрелеріндегі 2 мыңнан астам өнімге зертханалық талдау жүргізілгенін айтады. Нәтижесінде қауын мен қарбыз құрамындағы нитрат мөлшері шектік нормаға сай болып шыққан. 

Әсем Дәулетова, қалалық санитариялық - эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- Бүгінгі таңда бізде бірнеше рет нысан өкілдерінің хаты арқылы мониторинг жұмыстары жүргізілді. 2 мыңнан аса өлшеу, зертханалық зерттеу жүргізілді. Бірақ бүгінгі таңға дейін тіркелмеді. 

Сала мамандары сауда орнындағы өнімдердің сапасына базар әкімшілігінің өздері жауапты екенін айтады. Сондықтан қауіпсіздік талаптары бойынша бақша дақылының құрамына арнайы зертханалық талдау ұдайы жүргізіледі. Яғни сапасы төмен тауар бірден сауда сөресінен алынады. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жаздыгүні тұрғындар арасында қауын мен қарбыз жоғары сұранысқа ие болды.  Сәйкесінше көше бойында көлеңкелі сауда қызды. Керегіңді қалауыңша сатып алуға болады. 

Шаһар көшелеріне жағалай орналасқан заңсыз сауда өнімдерінің сапасына қатысты құзырлы органдарға шағым түспеген. Сондықтан жоспардан тыс тексеру жүргізілмеді. Ал тұтынушылар тарапынан тауардың құрамына күмән туса өнімнің сапасына жауап беретін құжатты талап етуге құқылы.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов