Қандыағаш қаласының тұрғындарына су сағаттап беріледі

Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласының тұрғындары су тапшылығынан зардап шегіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Суды сағаттап бергендіктен, литрлеп қор жинауға мәжбүр. Халық сыздықтап жеткен тіршілік нәрінің сапасына да наразы.

Юрий Аветикян соңғы күндері 90-жылдардың тоқырау кезеңіне оралғандай болдық дейді. Тұрмысқа қажетті суды шелектеп сақтап, ішуге дүкеннен тасуға мәжбүр болған. Әзірге сыздықтап болса да жетіп тұрғанымен, кез келген уақытта құрғап қалуы мүмкін. Сондықтан қолдағы бар суды үнемдеп отырмыз. Аптап ыстықта сағаттап берілген судың өзі сап-сары, ішуге мүлде жарамсыз дейді.

Юрий Аветикян, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

- Мынау – алғаш үзіліп, қайта қосылған кезде аққан судың түрі. Тотқа араласқаны көрініп тұр. Мынаны 2 күн бұрын құйып алдым. Сәл тазара бастағаны. Мына бөтелкедегі суды да мөлдір деп айта алмаймын. Түбіне лай тұнғаны көрініп тұр.

Билік өкілдері су тапшылығы жерасты су қорының азаюынан қалыптасты дейді. Тағы бір себебі, аптап ыстықта тұрғындар ауладағы бақшаны суаруды да жиілеткен. Бұған дейін аудан орталығы халқына тәулігіне 6 мың текше метр су жеткілікті болса, соңғы аптада сұраныс 9 мыңға жуықтапты. Ауызсу резервуарлары дер кезінде толып үлгермейді. Қаланы сусыз қалдырмау үшін осылай сағаттап беруге мәжбүрміз, - дейді сала басшылары. Судың лай болуын мамандар құбырлардағы қысымның күрт өзгеруімен байланыстырып отыр.

Талғат Қойшекенов, Мұғалжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- 3 мың жарымдай жер үйлер бар. Сол жер үйлерде бау-бақша егіледі. Күннің ыстығына байланысты сол бау-бақшаларға кетіп жатқан судың көлемі екі есе ұлғайып кетіп отыр. Оған халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Суды үнемдеп бау-бақшаға пайдалану жөнінде. Себебі негізгі халықтың тұтынатын суы жетпей отыр.

Мәселені дереу шешу үшін қалалық су құбырлар желісі жергілікті зауытқа тиесілі ұңғымаларға қосылды. Ал коммуналдық мекеме болса қосымша 2 ұңғыма қазуға кіріскен. Олар алдағы 10 күн ішінде дайын болып, ауызсу көлемін арттыруы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев.