Бұзақыны құрықтаған Сәтбаев тұрғыны полиция қызметкері атанды

Бұзақыны құрықтаған Сәтбаев қаласының тұрғыны полиция қызметкері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлішер Жанғазы «Ойда жоқта жасаған қадамым жауапты қызметке жол ашты» дейді. Қазір ол Ұлытау облысы Полиция департаментінің кезекші бөлімінде жұмыс істейді.

Әлішер Жанғазы, полиция қызметкері:

- Осы жерде дос балам екеуміз кешкі мезгілде жүргенбіз. Мына кіреберістен бір ер кісі шығып, ана жаққа қарай қаша жөнелді. Артынша 1-2 минуттан кейін әйел кісі шығып, айғайлай бастады. «Ұры, ұстаңдар» деп. Еш нәрсе ойламастан сол кісінің артынан қуа бастадық. Жерге жатқызып, қайырып, полиция қызметкерлері келгенше күттік.

Әскерден енді ғана оралған 19 жасар жігіттің бұл әрекеті Сәтбаев қаласында тез таралды. Оқиғаның мән-жайына қаныққан полиция басшылығы оған алғыс білдіріп, қызметке шақырған. Жыл басында Павлодардағы 3 айлық курстан өткен жігіт қазір тәртіп сақшыларының қатарында. 

Жанғазы Жанділдинов, Сәтбаев қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Өте жауапты, келешегінен үміт күтетін азамат. Қазіргі уақытта біздің қатарымызда. Осындай Әлішер сияқты жастармен мақтанамыз. Жастарға айтарымыз, полиция қызметіне жұмысқа орналасыңыздар. Елдің алдындағы борыштарыңызды өтеңіздер.

Әлішер үшін қоғам тыныштығын күзету – бала жастағы арманы. Бір ғана әрекет жасап, полиция қатарына алынамын деген ой үш ұйықтасам да, түсіме кірген емес дейді. 

Әлішер Жанғазы, полиция қызметкері:

- Қазір жұмысым жақсы. Үйренісіп кеттім. Ең басында кішкене қиын болады. Жұмысқа кірген бетте. Біраз істегеннен кейін үйреніп кетесіз.

Әлішер жақында кіші сержант шенін алады. Қоғамда жиі сын айтылатын полиция қызметінің имиджін арттырсам деген мақсаты бар. 

Авторлары: Е.Кәкенов, Н.Үздікбаев, Г. Серекбаева.