Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасына ₸198 млрд бөлінді

«Ауыл - Ел бесігі» жобасына бөлінетін қаржы жыл сайын ұлғайтылады.

Бірақ, осы қаражатты игеру әкімдердің бас қатыратын мәселесіне айналған.

Бүгін Үкімет отырысында «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Біраз облыста нәтиже жақсы. Ал кейбіріндегі көрсеткішке көңіл көншімейді.

Қазақтың жаны, нәр алатын рухани түп-тамыры – ауыл. Әр азаматтың кіндігі – ата-баба мекеніне байлаулы. Мемлекеттің дамуында ауылдың орны ерек. Сондықтан елдімекенді қолдау керек. Қолдау үшін «Ауыл - Ел бесігі» жобасы қолға алынған.

Соңғы 3 жылда ауылды көркейтуге республикалық қазынадан 326 млрд теңге бөлінді. Мыңнан аса елдімекенде 3 мың 700-дей әлеуметтік және инженерлік жоба іске асырылды. 33 мың жұмыс орны құрылды. Бөлінген қаржыны игеру нәтижесі Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жақсы. Алматы мен Ұлытау өңірлерінде нашар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Мысалы, өткен жылы  Ұлытау облысының Атасу, Бидайық, Бостұмсық және Сарысу ауылдарында  медициналық мекемелердің құрылысына қажетті қаражат  толығымен бөлінген болатын. Алайда, құрылыс жұмыстары  әлі күнге дейін аяқталмаған. Солтүстік Қазақстан облысының  Мүсірепов атындағы ауданда  ұзындығы 53,5 км болатын  жол құрылысы былтыр біту керек еді. Бірақ, жоспарланған көлемнен  небары 26,5 км жол  пайдалануға берілген. Демек, жоспардың 50% әлі күнге орындылмай отыр.

«Ауыл - Ел бесігі» жобасына биыл республикалық бюджеттен 198 млрд теңге бөлінді. 800 елдімекенде шамамен 2 мың жоба  іске асырылады.

Бағдарламаның шарапатын көретін көп ауылдың бірі Ақмола облысындағы Вознесенка. Мыңға жуық тұрғыны бар елдімекенде алғаш рет ауылішілік жолдар мен жарық желілері жөнделіп, үйлерге ауызсу тартылмақ.

Төлеу Жұқатайқызы, Вознесенка ауылының тұрғыны:

- Қиыншылықты көрдік. 20 шақты жыл анау башнядан сатып алдық, бір фляга 40 теңге, арғы бетке 80-90 теңгеге тасып береді кемпір-шалдарға. Ондай тасып-алған сумен бау-бақша егіп, мал өсіру деген болмайтын жағдай қысы-жазы. Жолда қиқы-жиқы болды, мектеп те ремонтталмаған, шамдар да сөніп болмаған. Халық сияқты қиындық көрдік, бірақ соңғы жылдары түзеліп келе жатыр.

Дастан Хамзин, учаске бастығы:

- Қазір 9 шақырым су құбырын салдық. Желінің жалпы ұзындығы 42 шақырым болады. Сонымен қатар екі ұңғыма қазып, ауылдың екі бөлігіне 100 текшеметрлік су жинайтын резервуар орнатамыз. Үйлерге тіршілік нәрін тартамыз. Әлеуметтік осал топтағы жанұялар мен зейнеткерлер үшін суды тегін өткізіп береміз.

Облыс бойынша 68 ауылда көшелер жаңартылып, әлеуметтік нысандар толық жөндеуден өтеді. Мәдениет үйі мен үш спорт кешені бой көтереді. Жоспар ауқымды.

Ардақ Смайылов, Бұланды ауданы әкімінің орынбасары:

- Су тартылып жатыр, жол істелініп жатыр, свет, освещение жағынан бәрі істелініп жатыр. Биыл біздің осы жобаларымыз бойыша 9 миллиард теңгеге осындай жұмыс жасап жатырмыз. 38 ауылдарымыз бар, 6 ауылымызда су тарту жұмыстары жүріп жатыр. Үш ауылда жол істелініп жатыр.

Жоба аясында әлеуеті жоғары ауылдарға басымдық беріледі. Әсіресе шекарада орналасқан ауылдар ерекше назарда. Бүгінде елде 6300 дей елдімекен болса, соның үш жарым мыңы бағдарламаға енген. Бұл жалпы ауыл тұрғындарының 93 пайызы жобаның шарапатын көреді деген сөз.

Ауыл ел бесігіне бөлінген қаржы да жыл сайын ұлғайып келеді. 2019 жылы бағдарламаға 29 млрд бағытталса, содан бері қаржыландыру 6,7 есе өскен. Биыл шамамен 200 млрд теңге бөлініп отыр. Қазынадан ақша бөлуден мәселе жоқ. Мәселе сол қырауар қаржыны игеруде болып тұр. Үкімет басшысы бір ауданда бірнеше нысан жөнделіп, басқасында бірде-бір жоба іске асырылмайтын жағдай болмауға тиіс деді. Ол үшін жоба мен жоспарды жүйелей білу керек. 

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Жандос Битабаров