СҚО-да 6500 оқушы лагерьде демалып жатыр

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 6 жарым мың оқушы жазғы демалыспен қамтылды.

Оның жартысына жуығы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары мен жетімдер. Әлеуметтік жағынан осал топтарға жолдама тегін беріледі. Қазір сауықтыру лагерлері келушілердің кезекті легін қабылдап жатыр.

Бұл Петропавл маңындағы «Аққайың» лагері. Қала қарбаласынан зеріккен балалар жазғы каникулдарын осында табиғат аясында өткізеді. Қазір мұнда 150 оқушы демалып жатыр.

Ділнәз Қапен, оқушы:

- Лагерде маған өте ұнайды. Мен мұнда бірінші рет келдім. Менің ағам да 4-5 рет келді. Ол айтты мұнда күшті. Сосын мен мұнда келіп көрдім. Маған да мұнда өте ұнады.

Одан бөлек облыс бойынша қосымша білім беру ұйымдары ашылды. Мысалы оқушылар сарайына каникул кезінде екі мың бала жазылып, түрлі үйірмеге қатысады. Олар үшін арнайы бағдарлама бекітілген. Әр маусым бір-біріне ұқсамайды.

Дина Әбілмәжінова, оқушылар сарайының директоры:

- Ата – аналардың тағы да айтамын ұсынысы бойынша бағдарлама қайтадан қаралынып, біз мынау ауысымды кәдімгідей бірінші сезон, бірінші ауысым IT бағытына арналды. Екінші сезон ғалами – биологиялық бағытқа арналды. Қазіргі бүгінгі басталып жатқан ауысым ол – математика бағытына арналып отыр.

Өңірде 11 сауықтыру лагері бар. Демалыс орындарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өртке қарсы дабылқаққыштар мен камералар қойылған. Жазғы маусым шалғай елді-мекендерде де ұйымдастырылған.  

Кенжебай Мақышев, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Кейбір аудандарда мысалы лагерь болмаған. Ол жерде мектеп жанындағы алаңда 265 мектеп жанындағы алаңда қамтитын лагерьлер жұмыс істейді. Мектеп лагерьлері. Және де мына этноауыл дейміз сол. Жалпы облыс бойынша 96 пайыз, 96 пайыздан астам балалар осы жазғы демалыспен қамтылды.

Өңірдегі сауықтыру лагерлерінің көбі ескі. Биыл оларды жөндеуге жергілікті бюджеттен 100 млн-ға жуық теңге бөлінді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков