Елордада «Бітпейтін той» фильмінің көрсетілімі өтті

«Бітпейтін той». Отандық кино қоры тағы бір туындымен толықты.

Tiger films продюсерлік орталығы көрермендерге «Бітпейтін той» атты жаңа комедияны ұсынды. Фильмнің премьерасы кеше елордадағы Kinopark 7 IMAX Keruen кинотеатрында өтті.

Отау құрып, шаңырақ көтергелі жатқан Тамерлан өзінің жан досы Муханы жігіт жолдас қылып, тойдың сәтті өтуін сеніп тапсырады. Бірақ бұл таңдауға барлығы қарсы болған. Өйткені Муха қыдырымпаз әрі жауапыз жігіт еді. Ақыры ол тойдың быт-шытын шығарады. Дегенмен тағдыр оған түзелуге тағы мүмкіндік береді. Сөйтіп, Муха бір күнді қайта-қайта басынан өткереді.

Еркебұлан Тоқтар, актёр:

- Кино барысында енді жаңағы болып жатқан жағдайларды түсінбейді. Кейін соны қабылдап, шешімге келеді. Түсірілім өте оңай болды. Өйткені айналдырған 5 локация ғана болды. Өткен күн қайталана береді.

Еркебұлан Тоқтардан бөлек, бұл фильмге Артур Төлепов, Дина Тасболатова және Айжұлдыз Адайбекқызы да түскен. Кинотуындының режиссері Дархан Сәркенов екен. Жалпы шығармашылық топ «Бітпейтін той» деп аталған жаңа комедияны 12-ақ күннің ішінде түсіріп тастапты.

Ерлан Бұқарбаев, «Tiger films» продюсерлік компаниясының бас продюсері:

- Біз бұл фильмді Алматы қаласында түсірдік. Дегенмен дайындық барысы ұзақ болды. Барлығын тыңғылықты әзірлеп алып, аз уақыттың ішінде барлық істі тындырып тастадық. Енді жаңа кинотуындымыз көрермендердің көңілінен шығады деген ойдамын.

Айта кету керек, «Tiger films» продюсерлік компаниясы соңғы 2,5 жылдың ішінде 25-тен астам фильм түсіріп үлгерген. Ал көрерменге енді ғана жол тартқан «Бітпейтін той» атты туынды шілденің 27-інен бастап Kinopark кинотеатрларында көрсетіледі.

Авторлары: Риат Шони, Ырыстанбек Оспанов.