Ұлытаулық жиһанкез әлемді жаяу аралап шығуға ниетті

Жезқазғандықтар Сәрсенбай Қотырашовты саяхатқа шығарып салды.

Жасы 73-ті  алқымдаған қария былтыр Қазақстанды жаяу жүріп өткен еді. Ендігі меже-жер шарын бағындыру. 17 мың шақырымды құрайтын сапар екі жылға жоспарланған.

Ұлытаулық жиһанкез әлемді жаяу аралап шығуға ниетті. Жезқазғандықтар Сәрсенбай Қотырашовты саяхатқа шығарып салды. Жасы 73-ті  алқымдаған қария былтыр Қазақстанды жаяу жүріп өткен еді. Ендігі меже-жер шарын бағындыру. 17 000 шақырымды құрайтын сапар екі жылға жоспарланған. 

Саяхаттау ешқашан кеш емес! Бұл - жасы 73-ті алқымдаған ақсақалдың ұраны. Былтыр қоларбасын сүйреп жарты жылда түгел Қазақ жерін жаяу аралап шыққан қария «бұл жолғы сапарға да тыңғылықты дайындалдым» дейді. Әлемнің 17 мемлекетін басып өтетін сапар 2 кезеңге бөлінген. Оның алғашқысы 2 тамыз күні Атыраудан басталады. Қазан айының соңына дейін Түркияға жетіп алмақшы. 

Сәрсенбай Қотырашов, саяхатшы:

- Екінші бөлімді Алла қуат берсе келесі жылы бастайм. Турциядан Болгария, Сербия, Румыния, Австрия, Германия, Франция. Франциядан самалетпен Америкаға ұшам. 

Ақсақал ұзақ сапар алдында жерлестерімен кездесіп, замандастарының батасын алды. Жастармен жүздесіп, жаяу жүрудің артықшылықтары туралы әңгімелеп берді. 

Зарина Әшірбек, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Жасы 80-ге келсе де осыншалықты деңгейде бізге жаңалық ашып, батыл қадамға барып жатқаны барлық жастарға таптырмас мотивация. 

Жиһанкездің бұл алыс қашықтықтағы екінші саяхаты. Былтыр еліміздегі қолөнер шеберлерінің тізімін жасап, ЮНЕСКО-ға ұсынды. Ал осы жолғы сапардың мақсаты тіптен ауқымды.

Сәрсенбай Қотырашов, саяхатшы:

- Осы жолғы мақсатым дүниежүзін бейбітшілікке шақыру. Денсаулығым зор болам десең кемінде күнде 7 километр жаяу жүр. Үшінші, қазақ деген мемлекет бар. Қазақ деген мемлекеттік мәдениеті болған. Көшпенділер арқылы бүкіл дүниежүзіне тараған. Осыны насихаттау. 

Сәрсенбай Қотырашов бұл сапарға жалғыз аттануға бел байлапты. Қасына көмекші не болмаса дәрігер ертуге қаржылық мүмкіндік жоқ дейді. Бар серігі – ең қажет заттар салынған қоларба ғана.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев