Оралда 24 аула абаттандырылады

«Аулада жол да, ойын алаңы да, автотұрақ та жоқ».

Оралда көпқабатты үйдің тұрғындары осылай деп шағымданды. Айтуларынша, жаңғырту жобасын әкімдік жыл сайын кейінге шегере берген. Тұрғындар тиісті жұмыстар биыл да жүргізілмей қала ма деп алаңдайды. Қалада 200-ден астам көпқабатты үйдің ауласы дәл осылай кезек күтіп тұр.

Сейфуллин мен Тайманов көшелерінің қиылысында орналасқан 3 көпқабатты үйдің ауласы азып-тозып тұр. Асфальт бүлінген, автұрақ қарастырылмаған. Балаларға да қолайлы жағдай жоқ. Аулаға бірер жыл бұрын спорт алаңы салынған, бірақ оған жеткіншектерді кіргізбейді екен. Себебі бұл нысан тек спорт секцияларындағы өзге жасөспірімдерге арналған көрінеді.

Сара Танабаева, қала тұрғыны:

- Қанша үйдің баласы бар, қанша көліктер бар. Бір де біреуіне орын жоқ, бір де біреуіне жағдай жоқ. Мына стадионды (спорт алаңын) салатын кезде бізден ешкім сұраған жоқ. Былай қарағанда, бізден сұрау керек қой. Мектептің оқушылары келіп мында заниматься етеді. Кішкентай балаларға, әрине, кезек те тимейді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазір шаһарда 9 аула абаттандырылып жатыр. Кешенді жоба аясында көп ұзамай тағы 24 аула қамтылмақ. «Сол тізімге Сейфуллин-Тайманов көшелерінің қиылысындағы үйлер енгізілді» дейді олар.

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:

- Аулаларды асфалттау басқа мердігер, ауланы жарықтандыру басқа мердігер және аулалардағы ойыншықтарды, орындықтарды орнату басқа мердігерге жүктеледі. Үш лот бойынша да қазір мердігерлер анықталды. Сейфуллин 39 және Тайманов 176 мекенжайы осы 24 ауланың тізімінде бар. Жұмыстар осы ағымдағы жылы басталады. Бірақ осы жылы бітетінін, бітпейтінін алдын ала айтпай-ақ қояйын. Келесі жылға ауыспалы болуы да мүмкін.

Қалада 550-ге жуық ортақ аула бар. Соның 200-ден астамы абаттандыруды қажет етеді. Мамандар оларды кезең-кезеңімен жаңғыртуды, сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде қосымша ұсыныстар бекітуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов