«QazaqGaz» компаниясы жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтау акциясын өткізді

«QazaqGaz» компаниясы қызметкерлеріне арналған жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтау акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шарада көліктегі қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығы түсіндірілді. Барлығы 700-ден аса маман имитатор тренажерға мініп, көлік соқтығысын іс жүзінде көрді.

Бұл – сағатына 12 шақырым жылдамдықпен қозғалатын имитатор тренажер. Осы құрылғы арқылы көлікпен соғысқан жағдайда қауіпсіздік белдігі қаншалықты маңызды екенін сезуге болады. Шара «QazaqGaz» компаниясының өндірістік қауіпсіздік жоспарын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Біз – негізі өндірістік компаниямыз. Күнделікті тәуекеліміз қауіпіз өте көп. 21 мыңнан астам газ құбыры бар. Екіншіден, 63 мыңнан астам регионалдық тасымалдау желісі бар. Бұл – үлкен қашықтықтар. Жол-көлік апаттарының қауіпі өте зор. «QazaqGaz» компаниясының басты құндылығы – адами капитал, олардың өмірлері.

Акция елдің түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, шара апаттың алдын алып, төнген қауіпті сейілтуге мүмкіндік береді.

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:

- Дүниежүзілік мәлімет бойынша, жалпы алдындағы отырған жолаушылар белдікті тақса 40-50%-ке жарақат төмендейді. Ал артындағы отырған жолаушы белдігін тақса, 70%-ке дейін өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Осы тренажерымыз өз өмірін қалай сақтап қалуға болатынын өз көзімен көрсетіп жатыр.

Жыл соңына дейін құрылғыны ұлттық компанияның орталық және оңтүстік өңірлердегі бөлімше қызметкерлері сынайды. Бұл бастама керек-ақ. Өйткені былтыр елде 13,5 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 20 мыңға жуық адам зардап шекті.

Авторлары: Бекзат Аманов, Наурызбай Құрманғазы.