Кимешек киген кейуана

Қытайдан келген қандас әжей ұлттық киімдерді дәріптеп қана қоймай, кимешек тігіп көпке үлгі болып жүр.

Ол ғана емес, екі ғасырлық тарихы бар көне жәдігерлерді сақтап отыр.

Сара әжеміз келін болып түскелі басынан кимешегін тастамаған. Өзі киіп отырған кимешекті енесі бірінші құрсақ көтергенде-ақ сыйға тартып, кигізіпті. Мұндай жаулықтың 5-еуін тігіп әлі киіп жүр. Көненің көзі, киелі бас киімдегі әр ою-өрнектің мән-мағынасы мен астары барын айтады. Иә, жалпы қазақ үшін кимешек ежелден рухани құндылық ретінде бағаланады. Әрі ұлтымыздың ұлық тұтқан кәделі киімі. Оны кей жерде шылауыш, жаулық, иекше деп те атайды.

Сара Сабақбайқызы, ісмер әже:

- Кимешекті келін болып түскеннен кейін кәдімгі шылауышты алып тастап, кимешек шылауыш кигізген. Оны үлкен адам кигізеді. Әдемілікке ұмтылып, теңге тағып, меруерт қадап сондай болған. Қалың теңге таққан. Қазақтың әйелдері тек ақ кимешек киіп, кесте тігіп жастары сондай болған. Ең кәрілері ақ киген. Қара орамаған, қара кимеген.

8 құрсақ көтерген кейуана ұрпағын атажұртқа жеткізсем деп тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қытайдан оралыпты. Алтайдың ар жанынан дүние-мүлік емес, көне жәдігерлерін көшіріп әкелген. 150-200 жылдық тарихы бар саптама етік, сандық, басқұр, ескіше жазылған қолжазбаларды ұрпақтан-ұрпаққа жалғап үлгі етіп отыр. Сонымен қатар шежіре әжей бүгінде ұмыт болған қазақтың ырым-тиымдарын жатқа айтады екен.

Қажымұрат Төлегенұлы, тарихшы, этнограф:

- Бұл кісінің 200-ге жуық ырым-тиымдары әртүрлі тұрмыс-тіршілікке байланыстыты, аққа, босағаға, малдың ауруларына, ұшықтауға, емдеуге, дем салуға, киімге қатысты көп. Бұның бәрін өзім жазып алып жатырмын. Көбісі өнер адамдары тұрғысынан, этнографиялық тұрғысынан ұмытылған. Себебі біраз этнографиялық сөздікке кірмеген. Ең маңызды, қасиетті кимешек енесінің желекті алғаннан кейінгі сыйлаған кимешегі. Қазір соны киіп отыр. Тойға барғанда киетін қызыл ою кимешегі. Тойда адамды юас қылып көрсетеді. Шаруашылықта күнделікті қыдырғанда киетін кимешегі олар қатты ою-өрнегі болмайды. Оюдың түстері көзге түспейтіндей болады.

Жалпы Орта Азия бойынша кимешектің 16 түрі бар екен. Әр өңірдің кимешегі, руға байланысты түрлі үлгімен ерекшеленіп тұрады. Ал Сара әжеміз, қазіргі жастар ұлттық киіміміздің қадір-қасиетін ұғынып жүрсе екен дейді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев