Жайдарманшылар Алматы облысы әкімінің кубогын сарапқа салды

Республикалық сайысқа еліміздің әр аймағынан 9 команда қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар «Этносаралық татулық – қуатты мемлекеттің тірегі» тақырыбында ұтымды ойларын көпшілікке әдемі әзіл арқылы жеткізді.

Жаңадан құрылған әкімшілік аймақта жайдарманшылар сайысы алғаш рет өтті. Студенттерден жасақталған командалар көрерменді күлдіре отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге тырысты. Елдегі татулық пен бірлікті насихаттады. 

Данияр Ахметов, Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

- Бұл шара ең бастысы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында және де халықтар арасында ынтымақтастық пен бірлікті қалыптастыруға арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жас командалар қатысты. Олар өздерінің әзілдерінде этносаралық татулықты, мемлекеттік тіл мәртебесін әзілмен өте сауатты үйлестіре білді деп ойлаймын.

Ашық алаңда ұйымдастырылған өнер бәсекесі қас қарайғанша жалғасты. Әрбір команданың қойылымын саралаған әділ қазылар Түркістан облысының жастарын бас жүлдеге лайық деп тапты.

Нұрхан Жақсылық, «Созақбай» командасының мүшесі:

- Бірінші жыл – бірінші кубок. Шынын айтсақ, өте толқып тұрмыз. Ұйымдастырушыларға көп-көп рақмет. Бұған дейін біз респубикалық чемпиондар лигасы чемпионатының чемпионы болғанбыз және 2022 «Студент лайф» ойындарының жеңімпазымыз.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар табыс етілді. Ойын көрігін қыздырған командалар мен үздік жайдарманшылар да марапатталды. Татулық пен достық туы желбіреген шара жастардың ән кешіне ұласты.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Аманжол Жөңкешов.