Абай облысы Көкпекті ауданында гемодиализ бөлімі ашылды

Көкпекті ауданының бүйрегі ауыратын тұрғындары енді облыс орталығына сабылмайтын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар бұған дейін ем қабылдау үшін аптасына 3 мәрте Семейге баратын. Жолдағы қиындыққа шыдамай, қалаға көшіп кеткендер де бар. Енді науқастар облыстық «Бүйрек орталығының»  филиалы ретінде ашылған гемодиализ бөлімінің мамандарына кез келген уақытта қарала алады. Тіпті көршілес Ақсуат ауданының тұрғындарына да осы жерде қызмет көрсету жоспарланып отыр.

Сағат Күмісбаева, Ақтас ауылының тұрғыны:

- 3 жыл болды, міне, Семейде жүргенімізге. Енді жақсы, қазір үйдеміз. Бізге өте керек нәрсе. Қуанып отырмыз. Әйтпесе, талай кісі қаңғырып жүр ғой. Үйін көрмей. Мынау әйбат болды бізге.

Махат Ғабдуллин, Көкпекті аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

- Жақында ашылды. Қазір 8 кісі келіп жүр. Кезінде олар Семейге барып, 250 шақырымға барып алып жүретін. 2 күнде бір рет. Ауырып жатқан кісіге қиын, біріншіден. Екіншіден, жол жаман.