Қызылорда облысында 1500-ге жуық отбасы баспаналы болады

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысындағы 1500-ге жуық отбасы баспаналы болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды бағдарлама шеңберінде өңірде 26 тұрғын үй салынып жатыр. Соның ішінде Арал қаласында 84 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, ауданның автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында 30 жоба іске асырылып жатыр.

Ұлттық жоба аясында салынып жатқан үйлер алдағы күзде пайдалануға беріледі. Бұл жерге бірінші кезекте әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар қоныстанады. Аймақ бойынша апатты үйде тұратындарға да пәтер алуға облыстық бюджеттен 6 миллиард, ал республикалық қазынадан 9,6 миллиард теңге бөлініп отыр.

Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жалпы мұндай көлемде аудандарда бұрын-соңды болған емес. Шындығында бұл – үлкен жоба. Сондықтан осы жобаны халық келесі жылы жалғасуын күтіп отыр.

Облыс әкімі депутаттармен Арал қаласындағы теміржол арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысын көрді. Сондай-ақ «Тоқабай-Абай» ауызсу желісін тарту жұмыстарымен танысты. Әрі қарай аймақ басшысы салынып жатқан бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, Қамыстыбас ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Облыс бюджеті өткен жылы 360 млрд теңге басталса, биыл 600 млрд теңге жетті. Ол – өңір үшін үлкен қолдау. Осы қаражатқа көптеген өзекті мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр. Мемлекеттің тапсырмасы барынша спорт, білім, денсаулық сақтау саласына халыққа ең керекті әлеуметтік салаға көп көңіл бөлуіміз керек.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Қазір теңіз жағасындағы Қызылжар, Бөген ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүріп жатыр.  

Авторлары: Қамбар Бекен, Нұржан Мұзарапшин.