Алматыда 2 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды

«Бизнеске жол» жобасы басталғалы бері Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2 мыңға жуық кәсіпкердің құқын қорғаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

7 лауазым иесі әкімшілік, тағы алтауы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бүгін Антикор қызметкерлері мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері іскер азаматтармен кезекті кездесу өткізді. Кәсіпкерлерге қолайлы болу үшін олар жұмыс істейтін қаладағы ірі сауда орталығының бірінде бас қосты. Мемлекеттік органдардың өкілдері мен білікті заңгерлер бизнес қауымдастығын толғандырған сауалдарға жауап берді.

Қанат Сәлімбаев, Алматы қ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі превенция басқармасының басшысы:

- Сұрақтардың көбі кеден, жер қатынастары және сәулет пен құрылыс саласында көтерілді. Барлық сұрақтар ерекше назарға, бақылауға алынады. Тиісті шара қолданылады. Бұндай акция тұрақты түрде өткізілетін болады.