Шымкентте «Жемқорлыққа қарсы волонтёрлік» жобасы басталды

Шымкентте Антикор қатарына жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар волонтерлік қызметке қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еріктілер қоғамдық автобустарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі сипаттағы жапсырмалар іліп, пара алу мен оны беру, делдал болу қылмыс екенін ескертеді. Бұл республикалық «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында жүзеге асты. Кез келген адам ерікті ретінде тіркеле алады. Қоғам өміріндегі жемқорлыққа бей-жай қарамайтын азаматтар мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізеді. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын тексереді. Сондай-ақ жаңа жоба ұсынып, сыбайластық қатері жоғары құрылымдарды бақылауға қатысады.

Дәурен Ерғарин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

- Агенттіктің нұсқамасымен басталған бұл жоба қазіргі уақытта Шымкент қаласында іске асып жатыр. Өңірдегі мемлекеттік мекемелердің және квазимемлекеттік мекемелердің, қоғамдық бірлестіктің өкілдері осы жобаға қатысуға өздерінің ынталарын білдіріп жатыр. Ең алғашқы болып Қазақстан Теміржол филиалының Шымкент қаласы бойынша және автобустық парк жұмысшылары қатысып жатыр.