Алматы облысында 40 мың га жайылымдық жер мемлекетке қайтарылды

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Күрті ауылдық округінің шаруалары кезінде 49 жылға жалға алған ауыл іргесіндегі жерлерін мемлекетке қайтара бастады.

Себебі жайылым тапшы. Ақши ауылында биыл 1,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Күрті ауылдық округінде 100 шақты шаруашылық қожалығы бар. Мұндағы қой-ешкі саны 113 мың басқа жетті. Ауыл тұрғындарының қолында 10 мың бас ірі қара, 2,5 мың жылқы бар. Мал басы өскендіктен ақшиліктер де еліміздің барлық өңірлеріндегідей жайылым тапшылығын тарта бастады.

Әбілқасым Биманов, ауыл тұрғыны:

- Сиыр, жылқы, қой, түйе малы да көбейіп, елдің әл-ауқаты көтеріліп келе жатыр. Енді мұнымен қоса малдың өрісінің тапшылығы байқала бастады. Өйткені мынау ауылдың айналасындағы 3-4 км жерге, мынау суға жақын жерлердің көпшілігін жеке қожалықтар өздеріне алған. Ал ауылдың малы қазір жерге сыймай жатыр. Жайылымдық жер тарылып кетті.

Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:

- Сол себепті мыну күнбатыс жағымызда 4 шаруа қожалық бар. Олармен келіссөз жүріп жатыр жерді қайтару бойынша. Оның біреуі қазір келісімін беріп отыр. Бірақ біз өзіміздің тарапымыздан ол кісіге басқа жерден жер тауып беру керекпіз. Яғни, жерін ауыстырады. Сондай жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.

Күрті ауылдық округінде биыл пайдаланылмай бос жатқан 1,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның арқасында Ақшидегі жайылымдық жер көлемі 4,5 мың гектарға жетті. Бірақ ол да аздық етіп отыр. Әсіресе, сиыр малына жайылым тапашы. Зеңгі баба төліне ең кемі 8-10 шақырымға дейін өріс керек. Табын мен қой кезектегі мал шаруа қожалықтарының жеріне жиі кіріп кете береді. Сол себепті жергілікті атқарушы билік өкілдері ауыл іргесіндегі шаруашылықтарды елді мекеннен ең кемі 10 шақырым жерге көшіру туралы шешім қабылдады.

Ерлан Кемербаев, ауыл тұрғыны:

- Егерде қандайда бір қолайлы жер телімін беріп жатса, неге көшпеске?! Шыққан құнымызды, күн электр станциясына және де қора-жайға шыққан компенсация берсе, болады қарастыруға варианттарын. Өзіміз де қара халықтың адамымыз ғой біз де. Осы мал үшін деп, тіршілік үшін деп отырмыз ғой. Келісім болады.

Ерлан Кемербаев 10 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Қожалығында 200-дей қой, 50 бас жылқы ұстайды. Шаруа ауылдың кезекпен бағылатын бір атар қойын 2 жылдан бері өз құдығынан күннен алынатын қуат көзі арқылы шығатын сумен тегін суғарып беріп отыр. Әкімдіктегілер оған ауылдан қашықтау жерден жайылым тауып беруге дайын. Билік өкілдері шаруаларға өтемақы төлеудің өзге де жолдарын ұсынып отыр.  

Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:

- Бизнес-проектіде не бар мысалы, «құдық шығарамын, құдық қаздырамын» деген болса, соны мүмкіндік болса біз жағынан ба, әлде басқа жағынан ба қарастырылатын шығар. Болмаса мынау өзінің салған қора-жайын мал бордақылау алаңы деп сол жерге 2 гектар ма, 3 гектар ма, сол жерге тастап кетуге болады. Ондай да жолдары бар.

Осылайша ауыл тұрғындарының өрісі біртіндеп кеңейіп жатыр. Алматы облысы бойынша биыл пайдаланылмай бос жатқан 40 мың гектарға жуық жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев