Ақтөбелік өнертапқыш күннен қуат алатын көлік құрастырды

Ақтөбелік Владимир есімді азамат күннен қуат алатын көлік құрастырып шықты.

Өнертапқыштың мамандығы инженер болғанымен, бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол электр көлігімен елді аралап, Астанаға дейін жетті.  

Бұл электр көлігі сағатына 47 шақырым жылдамдықпен жүреді. Арнайы панельдер арқылы күннен қуат алады. Артқы жағында аккумулятор орналастырылған. Егер ауа райы қолайлы, күн ашық болса 9 сағатқа дейін тоқтамай діттеген жеріңізге жетуге болады.

Владимир көлік құрастыру барысында түрлі қиындықтар болғанын айтады. Негізгі жұмысым компьютер, телефон жөндеу болғандықтан қосалқы алып жүру оңай болмады. «Алайда сүйікті ісіме уақыт пен қаржы табуға тырыстым», - дейді.

 Владимир Силевич, электр көлік иесі:
- Мен бұрыннан осындай күннен қуат алатын көлік түрін құрастыруды армандадым. Осы ой мені 15 жыл бойы мазалап жүрді. Кейін шешім қабылдап жұмысқа кірісіп кеттім.

Көлік тек бір адамға арналған. Демалатын орны бар. Астыңғы жағына құрал-саймандар салынған. Бір қызығы осы уақытқа дейін техникалық жағынан мәселелер болмапты.

Владимир Силевич, электр көлік иесі:
- Сапарымды Ақтөбе қаласынан бастадым. Одан кейін Орал, Алматы, Талдықорған қалаларында болдым. Қарағандыдан өтіп, Астана қаласына жеттім. Әлеуметтік желілерде оқырмандарым жазып тұрады. Реті келіп жатса кездесуге тырысамын.

Ендігі меже – Көкшетау, Қостанай қалалары. Владимирдың айтуынша өзіңіз қалаған іспен айналысу ешқашан кеш емес. «Ең бастысы сол саланың маманы болуыңыз қажет», - дейді. Өнертапқыш азамат бас қаламыздың көрікті жерлерін аралап, ары қарай сапарын жалғастырмақ.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Арман Ақшабаев