Алматы облысында елді мекендердің 98% ауыз сумен қамтылды

Алматы облысындағы елді мекендердің 98 проценті таза ауыз сумен қамтылды.

Дегенмен, құбырлардың 65 пайызы ескірген. Енді 20 елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесін, күрделі жөндеу қажет. Әйтпесе кей ауыл тұрғындары, тіршілік нәрінен тапшылық көре бастады.

Ақши ауылында жазғы мезгілде ауыз су кестемен беріледі. Жергілікті тұрғындар таңғы сағат 6-дан 10-ға дейін және 18:00-ден 23:00-ге дейін ыдыстарын суға толтырып, бақшасын суғарып алады. 

Жібек Достанова, ауыл тұрғыны:

- Обед кезінде тоқтатып қояды кішкене, неге екенін білмеймін бірақ. Трубалар жарылады, соны жөндейміз дейді. Хабарлама береді алдынала, суды алып аламыз. Ыдыстарға толтырып аламыз. Суы жақсы, таза.

Ауыл ішіндегі 1972 жылы салынған 78 шақырым ауызсу құбырының 50 шақырымы ауыстыруды қажет етеді. 20 шақырымдай құбыр 2005 - 2006 жылдары қайта төселді. Ал сумен жабдықтау жүйесінің әбден ескіріп, тозған бөлігі жоғары қысымға шыдамайды. 

Жұмабай Қосанов, зейнеткер:

- Қазіргі уақытта су беріліп жатыр. Бірақ давление, қысыммен берілген кезде су жарылып кетеді. Сондықтан қазір графикке қойып қойды, таңда кешке береді суды. Сондықтан сол ең түйткілді мәселе трубаны ауыстыру болып тұр.

Ақши ауылындағы ескірген ауызсу құбырын жаңалауға 60 млн теңге қаржы бөлініп, жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы болғалы бері бұл елді мекенге көшіп келіп, үй салғысы келетін азаматтардың саны арта бастады. Қазір ауыл шетіндегі жаңадан пайда болған көшелерге ауызсу құбыры тартылуда. 

Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:

- 525 млн қаражат бөлініп жатыр. Қазіргі жылға 400 млн бөлініп жатыр, ол переходящиймен келесі жылға. 8 айдың ішінде 11,3 шақырым су құбырларын бізге жасап, өткізіп беруі керек ауылымызда. Оның ішінде 623 абонетке ауызсу құбырлары кіргізіледі.

Ауыл тұрғындарын қинап отырған тағы бір мәселе бау-бақша суғаруға арналған арық суының жағдайы. Сыйымдылығы 120 миллиондық Күрті су қоймасында қазір 13 млн текше метрге жетер жетпес су қалды. Қызылағаш оқиғасынан кейін ондағы су қорын 80 млн текше метрден асырмайтын болған. Қазір осы мәселені түбегейлі шешу үшін Астанадан арнайы мамандар келіп, 1967 жылы салынған Күрті су қоймасының беріктігін тексеріп жатыр.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев