Елде жүргізуші куәлігін беру талаптары қатаңдатылды

Жүргізуші куәлігін алу регламентіне өзгерістер енгізілді.

Жаңа талаптарға сәйкес теориялық емтихан өтетін сыныптар арнайы қондырғылар, бейнебақылау камераларымен жабдықталуы тиіс.

Әл-Фараби Серіков, тілші:

- Жүргізуші куәлігін алу үшін жаңа ереже бойынша тест форматында өзгеріс бар. 40 сұраққа 40 минутта жауап беру қажет. Тест тапсыру барысында үміткер биометрикалық тексеруден 5 рет өтеді. Теория бөлігі аяқталған соң, тәжірбие жүзінде ережелерді бұзбай сынақтан өту керек. Ол үшін үміткерге 20 минуттай уақыт беріледі.

Жалпы, регламентке 60 тан астам өзгеріс пен толықтырулар енгізілді. Жаңа норма осы жылдың 8 тамызынан бастап заңды күшінде. Қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тестілеу жаңа ережеге сай  өткізіліп жатыр.

Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысы орынбасарының м.а:

- Ережедегі кейбір негізгі өзгерістерді атап өтуге болады. Ол міндетті түрде автомектептердің, оқу топтарының, автомектепті бітіргені туралы куәліктердің автоматтандырылған ақпараттық жүйеде жүргізу. Электронды үкімет порталы және ақпараттандыру объектілері арқылы емтихан тапсыруға өтінім беру мүмкіндіктері. Бейнебақылау жүйесі мен прокторинг жүйесін пайдалану арқылы емтихан тапсыру процесін бақылау.

Кейінгі кезде жүргізуші куәлігіне қатысты сыбайлас жемқорлық фактілері жиілеген. Мамандар оны ақпараттық жүйелердің осалдығынан көріп отыр. 

Бауыржан Мағжан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер бойынша офицері:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында автокөліктерді заңсыз тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру шарттары анықталды. Мониторинг нәтижелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар атына 22 ұсыныс жолдады. Қазіргі таңда ұсыныстардың жартысынан көбі орындалды.

Екінші кезең - теориялық білімді іс жүзінде дәлелдейтін шешуші сәт. Келген үміткерлердің қарасы қалың. Автокөліктердің ішіне арнайы gps орнатылған. Сол арқылы жол қозғалысы кезіндегі барлық процесс бақыланады.

Блиц:

- Күту қиын, очередь қиын мұнда. Аса қиын деп айта алмаймын білген адамға. Алтыншы рет келіп тұрмын, кішкене жеңілдеу болды. Бірақ көп қатемді ескеріп отырдым.

- Менің ойымша практикада жолдарды қысқартты деді. Сол қысқартқанның кесірінен машиналардың айналуы қиынырақ. Маған практика қиын болды. Теориясын жаттап аласың оңайырақ.

Емтиханға екі рет қатысып, екеуінде де өте алмаған үміткер бір ай уақыт өтпейінше қайта тапсыра алмайды. Ал үш рет сынақтан өтпей қалса, автомектептерге жіберіледі.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Диас Қобыланбаев