Қызылорда облысында өрт оқиғасы жиілеп кетті

Қызылорда облысында өрт көбейіп кетті.

Қазір өңірдегі төтенше жағдай қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Жыл басынан бері 284 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл - өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 14%-ке көп. Тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардан бөлек 173 автокөлік жанған. Тілсіз жау 3 адамның өмірін жалмады. Бұдан бөлек көпқабатты үйлердің терезесінен балалардың құлау дерегі азаймай тұр. Әлсіз бекітілген тордан ата-ана қарауынсыз қалған 12 бала құлап кеткен. Жазатайым оқиғалардың алдын-алу үшін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары аула-көшелерді аралап, түсіндірме парақшаларын таратты. Құтқарушылар тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік шараларына салғырт қарамауға шақырады.

Асхат Оразбеков, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Өрт оқиғаларының басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында орын алған. Басты себептерінің бірі тұрғындардың қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауынан. Сонымен қатар қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі - су айдындарындағы адамдардың қаза болуы. Осы мезгілге дейін облыс көлемінде 27 адам қаза болды. Оның ішінде 8 бала. Қазіргі таңда терезеден құлау бойынша аптасына 1 рет, судағы қауіпсіздік бойынша күнделікті сағат 13-00-ден 21-00-ге дейін және өрт қаупсіздігі жөнінен аптасына 1 мәрте рейд жүргізілуде.