Елордада иттердің халықаралық көрмесі өтіп жатыр

Елордада аңшылық және  ұлттық тұқымды иттердің халықаралық көрмесі өтіп жатыр.

Шараға тазы, төбет сынды сирек тұқымды иттер қатысуда. Олар арнайы сарапшылардың тексерісінен өтіп, жоғары баға алса чемпиондық атақтарға ие болуы мүмкін.

Бұл Түркияда бапталған алғашқы тазы. Осыдан бірнеше жыл бұрын бауырлас мемлекетке жіберіліп сол жақта күшіктеген болатын. Енді атажұртына қайта оралды. Түркия мамандарының айтуынша, тазы тұқымын сақтап қалу маңызды. Себебі, оны әлемдік қауымдастықтар мойындап отыр.

Наталья Юсупова, UKIFED федерациясының өкілі /Түркия/:

-  Тазы итінің тұқымы ерекше, аңға да шығады, күзетке де жарайды, тарихы тереңде жатыр. Қазір осы тұқымды көбейту жұмыстарын мықтап қолға алу қажет. Федерацияда 2018 жылдан бастап жұмыс істеймін.

Жалпы шараға Ресей мен Түркия елдерінен, сондай-ақ елдің түкпір-түкпірінен 120 ит әкелінді. Жастайынан тазы баптап, салпан құлақты соңынан еріткендердің бірі Серік Аутаев. Ол бүгінгі көрмеге 3 итін әкелді. Байқау әділ өтіп, тазысына лайықты баға берілетініне сенімді.

Серік Аутаев, тазы баптаушы:

- Әрбір ет қазы емес қой, әрбір ит тазы емес. Тазы деген таза деген сөзден шыққан ғой. Сайысқа қатысады. Жүгірістің да сайысына қатысады.

Тазы мен төбетті Шығыс Қазақстан мен Алтай өңірінен келген сарапшылар бағалайды. Олардың айтуынша, көрме кезінде әр ит жеке-жеке қаралып, стандартқа сай екені анықталады. 

Нина Макерова, төреші:

- Ұлттық стандарт негізінде бағалаймыз. Біріншіден, тазы тұқымы таза болуы керек. Жүріс-тұрысын барлығын қараймыз. Бүгін екі төреші маман жұмыс істейді.

Көрме екі күн бойы жалғасады. Жеңімпаз иттерге халықаралық чемпион, чемпиондыққа үміткер сынды атақтар беріледі. Сонымен қатар барлық қатысушы "төрт аяқтыларға" халықаралық федерацияның сертификаты табысталатын болады.

Әл-Фараби Серіков, Бекзат Аманов, Нұрғали Мамырбаев