Жамбыл облысында сегіз мектеп газға қосылады

Жамбыл облысы Байзақ ауданында көмірмен жылытылып келген 8 мектеп биыл газға қосылады.

Бұған дейін қатты отын жағып, оқушылар салқын ғимаратта білім алуға мәжбүр болған. Енді ауыл мектептері көгілдір отынға қосылса бұл мәселе түпкілікті шешіледі.

Жақаш ауылындағы Ағәділ Суханбаев орта мектебі осыдан 40 жыл бұрын салынған. Білім мекемесін жылыту үшін мектеп ұжымы бүгінге дейін көмір жағып келді. Жылыту маусымына 200 тоннаға жуық қатты отын қажет. Бірақ, көп жағдайда көмір сапасы көңілден шыға бермейді. Сол себепті машақаты да аз болмайтын,- дейді ауыл тұрғындары. 

Абдулмұрат Мәдібаев, Суханбай ауылдық округінің әкімі:

- Газ жүйесін тек ғана дамыған заман ғой пультпен басқаруға мүмкіндік бар. Яғни ол адам күші ең бірінші. Екіншіден, енді тазалық. Қаншама күл қоқыс шығарамыз одан шыққан қалдығын. Енді газдың бірінші пайдасы сол. Екіншіден бұл енді көмір сияқты емес, газ бір қалыпты жанып тұрғаннан кейін, мектеп бір қалыпты жылы болып тұрады деген сөз. 

Білім ошағы 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бірақ мекемені қазандыққа қосатын жылу магистралі жаңармапты. Енді міне сол желілер мен газ пештері орнатылып жатыр. Бүгінде құрылыс жұмыстары 90 процентке аяқталған.

Мерей Бает, тілші:

- Ауқымы 2200 шаршы метр болатын мектепке мамандар міне мынадай қуаты 4800 шаршы метрді қамтитын газ пешін орнатуды жөн санапты. Сол арқылы жауаптылар мектепті қыстыгүні оп-оңай жылытамыз деп отыр. Сонымен қоса сақтық үшін құрылысшылар мына көмір пешін де жаңартып қалдырған екен. 

Жақаш ауылы мен қатар жалпы 8 елді мекеннің мектебі қатты отыннан көгілдір отынға ауысады. Ол үшін облыс қазынасынан 202 млн тг бөлінді. Жауаптылардың сөзінше бұл жұмыстар жылыту маусымы бастағанша аяқталады. 

Жарқынбек Шоғалов, Байзақ аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Әр мектептің теплотрассасын толық ауыстырып жатырмыз. Өйткені 40 жыл болған труба өздеріңіз білесіздер көпке шыдамайды жарылуы мүмкін. Қазір толыққанды теплотрассасы ауысты. Өздеріңіз көргендей пештерінің бәрін ауыстырып жатырмыз. Тура осы жұмыстар қалған, қазір 3 мектепте жұмысын жалғастырып жатыр. Қалған 4 мектебіміз осы бір 2-3 күнде конкурстан жеңімпазы анықталып ол  да жұмыстарын жүргізетін болады.

Байзақ ауданындағы 19 мектептің жылу желісі ескі. Жауаптылар сол құбырларды жаңарту үшін 362 миллион теңгеге өтінім берген. Айта кетерлігі аймақтағы 446 мектептің 142-сі көмірмен жылытылады. Ал 50 білім ошағы әлі күнге пеш жағуға мәжбүр. 

Мерей Бает Руслан Ахатіллә