Жас жанкүйер жұртты сүйсінтті

Оралда 10 жастағы жанкүйер футбол матчынан кейін стадионда қалып, трибунада шашылып жатқан қоқысты жинаған. Осы сәтте түсірілген видео әлеуметтік желіде тез тарап, жұртшылық жеткіншектің әрекетіне сүйсіне қарап жатыр. Оған мәдениет және спорт министрлігінен Алғыс хат пен сыйлық жолданған екен.

«Ақжайық» пен «Жеңіс» футбол клубтарының кездесуінен кейін 10 жастағы Әлихан қоқысқа көмілген трибуналарды көре тұра бейжай кете алмапты. Айтуынша, қасындағы достары да оған қолғабыс қылған екен.

Айнара Абатова, Әлиханның анасы:

- Мен негізі жібергім келмеген. Қазір қараңғы түсіп кетеді деп. Біз алыста тұрамыз ғой, Зачаганск кентінде. Сосын оған звондаймын, «сағат 9 болды, автобус тоқтайды» деп. «Мама, мен мусор жинасамын. Сосын барамын» дейді. Содан әйтеуір әжесіне айтып, осы жақтан сол кісі үйіне алып кеткен. Мақтан тұтамын, иә. Әр ата-ана үшін баласы өзіне ерекше ғой.

Министрлік Әлихан мен оның достарының әрекетін елеусіз қалдырмай, оларға алғыс хат пен сыйлықтар жіберді. Соның ішінде Әлиханға былтырғы әлем чемпионатында әйгілі футболшылар тепкен теңбіл допты тарту етті. Жеткіншектің өзі де жеке футбол мектебінде жаттығып жүр.

Алексей Мальцев, футбол бапкері:

- Балалар трибунаны өз еркімен тазалады. Бұл – ата-аналарының берген тәрбиесі деп ойлаймын. Әрине, жаттығу кезінде біз де тәртіп пен тазалыққа үндейміз. Әлихан футболшы ретінде де жақсы қырынан көрініп жүр.

Әлихан «Ақжайықтың» әрбір матчын жібермей қарайды. Ол келешекте осы жергілікті команда сапында өнер көрсетіп, үздік қақпашы атанғысы келеді. Бапкерлер де одан үлкен үміт күтіп отыр.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов, Орал, «Хабар 24».