Мектептегі қауіпсіздік тексерілді

Еліміз бойынша мектептердің 83 процентінде бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына қосылған.

Жаңа оқу жылына дейін бұл көрсеткішті арттыру керек. Осы орайда өңірлерде мониторинг топтары мектептердегі қауіпсіздік шарасын тексеріп жатыр.

Бұл Оралдағы №33 мектеп. Мұнда 640 оқушы білім алады. Соның ішінде 69 бала бірінші сыныпқа қабылданған. Мектепте қауіпсіздік шараларына басымдық беріліп отыр. Ғимараттың іші-сыртына бейнебақылау құрылғылары қойылған. Оны полицейлер қашықтан басқарып отырады. Сонымен қатар кіреберіске турникет пен дабыл түймесі орнатылды.

Эльмира Мұхамбетова, №33 орта мектеп директорының орынбасары:
- Мектебімізде 62 бейнекамера жұмыс жасайды. Лифт жұмыс жасайды балалар үшін. Сервис орталығы бар. Мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық жағдайлар жасалған. 48 камера жедел атқару орталығына қосылған.

Сала мамандарынан құралған мониторинг тобы әр мектепті аралап, қауіпсіздік шараларын тексерді. Облыста 517 білім беру мекемесі болса, оның жартысынан көбі террористік тұрғыдан осал нысандар тізіміне енген екен. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында бюджет есебінен жарты млрд теңге бөлінген. Қазір осы білім беру ұйымдарының бәріне бейнебақылау жүйесі орнатылып, жедел басқару орталығына қосылды. Сондай-ақ ғимараттар лицензиясы бар мамандандырылған күзет қызметімен қамтылып жатыр.

Зәуре Ғұмарова, облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы:
- Тексеріс нәтижесінде кейбір білім беру ұйымдарында атқарылуы тиіс жұмыстар жергілікті атқарушы органдарға жолданып, бірлесе тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы үшін, кейбір сатып алу мәселелеріне қатысты олардың келісімшарттарға отыруы, бірақ жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, бұл білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі 1 қыркүйекке дейін шешілетін болады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталығына қосу жұмыстары Қарағанды, Атырау және Алматы облыстарында баяу жүріп жатыр. Мәселен, Қарағанды қаласының өзінде ғимараттардың 47 пайызын ғана полицейлер қашықтан бақылай алады. Жергілікті білім басқармасының өкілдері қалған жобаларды жаңа оқу жылына дейін жүзеге асырып үлгереміз деп отыр.

Махат Құсбеков, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Конкурстық процедуралар жүргізілді. Қазір кейбірінде бұл жұмыстар аяқталып, жүйеге қосылу жұмыстары жүріп жатыр. Оқу жылы басталғанша толық үлгереміз. Облыстың аудан қалаларындағы мектептер жергілікті полиция бөлімдеріне 100 пайыз қосылды. Енді облыс орталығындағы мектептер ғана қалып отыр. Әр мектепте іші-сыртын қосып алғанда 24 бейнебақылау камерасы болуы тиіс. Барлық мектепте осы талап сақталады.

Тексеріс нәтижесінде бейнебақылау жүйесі, турникет және дабыл түймесін орнату, сондай-ақ күзет қызметімен қамтуға қатысты 3 мыңға жуық білім беру ұйымынан олқылық анықталған. 24 басшы жауапқа тартылып, 5,4 млн теңге айыппұл салынды. Санаулы күннен соң жаңа оқу жылы басталады. Сондықтан білім мекемелеріне қауіпсіздік шараларын күшейту міндеттеліп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Дәуренбек Бақдәулетұлы, Елдар Аюпов