Сенімсіз сілтемеге өтіп, сан соғып қалмаңыз

Әлеуметтік желілердегі хакерлік форумдарда банк клиенттерінің деректер базасына сұраныс жоғары.

Сондай-ақ мұндай ақпараттар ақылы. Бұл өзіндік бір көлеңкелі бизнес түрі саналады, - дейді кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының мамандары.

Дербес деректер желіге тарап кетпеуі үшін сарапшылар белгісіз сайттарға кірмеуге шақырады. Көп жағдайда интернет-ойындар мен онлайн сатып алу сайттарына кірген пайдаланушылар әккілердің қармағына жиі түседі.

Олжас Сатиев, Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының басшысы:

- Көп азамат тегін нәрсеге құмар. Ұтыс ойындарын көрсе, айналып өте алмайды. Олар асығыстықтан әлеуметтік желідегі ақпараттың рас-өтірігін тексермейді де. Ойланбастан жеке деректерін өздері жібере салады. Сондықтан кибер-гигена ұғымын насихаттау керек. Ақшаны өзгенің есепшотына аудармас бұрын, бірнеше мәрте ойлану қажет. Жіберген сілтемелерге өтпеу керек.