Сақ болыңыз! Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Сеніміңізге кіріп, банктік деректерді білу үшін интернет алаяқтар енді телефон шалумен шектелмейді. Жаз басталғалы құйтырқы әрекеттердің құрбаны болғандар да аз емес.

Алдаудың жаңа түрі көп сатылы. Алаяқтар алдымен таныстарыңыздың атынан СМС хабарлама жібереді. Сөйтіп құқық қорғау органдарынан қоңырау түсетінін ескертеді. Екінші кезеңде құзырлы мекеме атынан байланысқа шығып, әрі қарай банк қызметкері телефон шалатынын айтады. Осылайша психологиялық қысым көрсетіп, айлаларын асыруға тырысады. Одан кейін үшінші кезең басталады.  

Қайыржан Абдрахманов, "Касперский зертханасы-ның" мемлекеттік мекемелермен байланыс бойынша менеджері:

- Үшінші кезеңде сол қызметкер құрбанның жаңа шотын ашу немесе алу, несие алу немесе белгілі бір шотқа картаға аударуға мәжбүрлейді. Олар да сол психологиялық қысым жасайды. Сізге сол құқық қорғау органдардан реттеуші органдардан хабарласқан, осылай істеу керек екенінен айтқан ол маңызды іс деп  мәжбүрлейді. Жәбірленуші белгілі бір шотқа ақша аударып, ақшасынан айрылып қалады.

Жаз басталғалы осындай алаяқтық түрі екі есе көбейген. Көпшілік онлайн сауда жасау немесе қаржыны инвестициялау кезінде алданады. Арасында баспанасын сатып, 120 миллион теңгеге жуық жоғалтқандар да бар дейді полиция департаменті өкілдері.

Дастан Қалиев, Астана қалалық пд криминалдық полиция басқармасының бастығы:

- Жылдың басынан бастап, қазіргі уақытқа дейін 3125 іс тіркелді. Оның 516-сы ашылған, қазіргі таңда қалған істремен жұмыс жасалуда. Бізде жыл басынан бері киберпул ашылды Жүзден астам адам топ мүшелері ұсталды.

Мамандардың айтуынша, осының бәрі қаржылық сауаттың төмендігінен. Бұл мәселені шешу үшін Алматыда «Рахым» қоғамдық қоры «Іскер ісі» деген әлеуметтік жоба жүргізеді. Қор қызметкерлері халықтың қаржылық және заңдық сауатын арттырумен айналысады.

Бибінұр Шералиева, "Іскер ісі" әлеуметтік жобасының жетекшісі:

- Бізге күніне 30-дай адам хабарласады. Біздің азаматтар өте ақкөңіл, алаяқтарға тез сеніп қалады. Банктік деректерін аша салады. Жеке ақпаратты ұрлайтын қосымшаларды телефонға жүктейді. Мұны пайдаланған алаяқтар милиондап кредит алып, жәбірленушіні суицидке дейін жеткізеді. Біз атына бірнеше несие рәсімделген жәбірленушілерге банктік мәселелерін дұрыс жүргізуге көмектесеміз.

Алаяқ құрбандары заңдық тұрғыдан да қорғалмаған дейді Бибінұр Шералиева. Банк секторында тиісті терминдердің жоқтығынан, студенттік шәкіртақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың бәрін жүйе табыс ретінде есептейді. Сондықтан жұмысы жоқ, қарызды қайтаруға қауқарсыз азаматтардың атына несие беріле береді.

Бибінұр Шералиева, "Іскер ісі" әлеуметтік жобасының жетекшісі:

- Әлі бірде бір адам онлайн алаяқтық бойынша сотта жеңіп шыққан жоқ. Бәрі біздің борышкерлерге қарсы жұмыс істейді. Қаржылық реттеу агенттігіне қарасты жұмыс тобы бар. Ол биыл қаңтарда құрылған. Мен сол топтың құрамындамын. Біз әдістемелік құрастырып, банк жүйесіне енгізілуі тиіс 77 мәселе бойынша ұсыныс жасадық. Бірақ әділет министрлігі ұсынысты қарастырмады.

Бірақ алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қоюдың жолы бар. Ол үшін электронды поштаға келген хаттарды ашқанда мұқият болу керек. Түрлі бағдарламалардың пираттық нұсқасы да жеке деректердің қолды болу қаупін тудырады. Бір сөзбен айтқанда сіз туралы ақпарат ұрланады. Биылдың өзінде құзырлы органдар 200-ге жуық фишингтік сайтты бұғаттаған.

Қайыржан Абдрахманов, "Касперский зертханасы-ның" мемлекеттік мекемелермен байланыс бойынша менеджері:

- Күмәнді сілтемелерді, хаттарды ашпау, екі сатылы аутентификация жасау, белгілі бір хабарламалар келсе де қоңырау шалынса да тез арада біз әрекеттер істеу керек деген психологиялық қысым жасалынса, дереу сол әріптестерге звондап, тексеріп, «Бұл нақты ақпарат па? Солай болып тұр ма?» деп сұрау және белгілі бір қауіпсіздік бағдарламаларын телефоныңызға жүктеп алу керек.

Биыл алаяқтарға алданғандар 600 миллион теңгеден айырылған. Бірақ олардың ешқайсысы әлі қаржысын қайтарған жоқ. Тіркелген жайттар тергеліп, сот процесстері жүріп жатыр.