Астанада инклюзивті фестиваль өтті

Конституция күніне орайластырылған іс-шарада бір шақырымдық қашықтықта марафон, бочча, волейбол сынды спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылды.

Рухы асқақ, ерік-жігері мықты спортшылар. Жаңбырға қарамастан сөреден мәреге дейін 1 шақырымды бір демде жүгіріп өткен марафоншылардың еңбегін осылай бағалауға болады. Инклюзивті фестивальге қатысушының бірі - Нұрлан Сыздықов. Паралимпиада орталығының аға менеджері бүгін 4 спорт түрінен 50 шақты адам ертіп келген. Өзі де қоларбасымен мәре сызығын кесіп өтті.  

Нұрлан Сыздықов, паралимпиада орталығының аға менеджері, фестивальге қатысушы:
- Мен барлық марафондарды қалдырмаймын да. Осы екі жыл ішінде тоғыз марафонға қатыстым. Ең үлкен марафон 21 шақырым болды. Ең аз марафон 3 шақырым болды. Мына забегті санасам, он шақырымның 1 шақырымы болды. Ең аз марафон болып тұр да.
- Демек жаңбырға қарамастан ең қысқа, ең жеңіл марафон боп тұр ғой?
- Ия, орыстар айтқандай, «в здоровом теле здоровый дух» боп тұр.

Шараның салтанатты ашылу кезінде басталған жауын жиналғандардың көңіл-күйін еш бұзбады. Керісінше, жігерлерін қайрай түскендей. Бір-бірімен жүздескеніне қуанып, билеп кеткендері аз болмады.

Инклюзивті фестиваль «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Қордың көмегімен 14 пен 29 жас аралығындағы 96 қазақстандыққа  арнайы протез жасалды. Мұндай қолдау олардың көппен бірге емін-еркін өмір сүруіне мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қор ерекше балаларға арналған секцияларды құруға көмектеседі. Жалпы бұқаралық спортты дамытуға ден қойылған. Бүгінде ауылды аймақтарда 24 жаттығу залы ашылған. Жыл аяғына дейін олардың 100-ге жеткізу жоспары бар.

Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы:
- Қазір жаңа жобаны іске қосып жатырмыз. Бұл ойын түріндегі ұйымдастырылатын спортқа арналған жабық ангарлар құрылысы. Өткен аптада Жетіқарада алғашқы нысанның іргесін қаладық. Әрине үлкен спорт сарайларын сала алмаймыз. Бірақ ауылды жерлерге жыл он екі ай істейтін ангарларды құрудың өзі үлкен жетістік деп білеміз.

«Қазақстан халқына» қоры қазіргі таңда спорт, медицина, білім беру сынды 6 бағыт бойынша 35 қайырымдылық бағдарламасын қолға алған. Бүгінгі фестиваль сәтімен іске асып жатқан ауқымды шараның шағын көрінісі ғана. Мақсат – көпшілікке мүмкіндіктердің шектеусіз екенін көрсету.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт