Экология. Кәсіпорындарға автоматты бақылау жүйесі орнатылды

Экологиялық заңнама талаптарына сай еліміздің ірі кәсіпорындары автоматты мониторингтік бақылау жүйесін орнатып жатыр.

Ол қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтардың мөлшерін реттеуге септігін тигізеді. Ең бастысы кәсіпорынның экологиялық ахуалы туралы ақпараттар бірыңғай мәліметтер базасына тіркеледі.

Павлодар облысы бойынша ақылды жүйені 14 кәсіпорын енгізу үстінде. Солардың бірі – Екібастұздың ІІ мемлекеттік-аймақтық электр станциясы.

Жылына 6 миллиард киловатт сағаттан астам электр қуатын өндіретін Екібастұздың ІІ мемлекеттік-аймақтық электр станциясы тек көмірмен жұмыс істейді. Ірі кәсіпорын қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтуға мүдделі. Жуырда автоматтандырылған мониторингтік бақылау жүйесін орнатты.

Аталған жүйе әзірге тестілеуден өтіп жатыр. Бұл толық отандық өнім. Аспаптар мен өлшеу құралдарының 90 проценті Павлодарда жасалады. Нарықты бағындырған 14 жылда компания еліміздегі алпауыт өндіріс ошақтарымен әріптестік орнатқан.

Игорь Исупов, мердігер:

- Қазір біз көрсеткіштің барлығы рұқсат етілген мөлшердің шегінде екенін көріп тұрмыз. Егер асып кетсе, индикатор қызыл түсті көрсетеді. Энергия блогының операторы атмосфераға зиянды заттарды жібермес үшін жұмысқа түзету енгізеді.

Екібастұздың ІІ мемлекеттік-аймақтық электр станциясында қазір қыс мезгіліне дайындық жүріп жатыр. Қатты отын, резервтік мазуттың қоры жасақталған. Биыл екінші энергоблок күрделі жөндеуден өтті. Экология мәселесі де назардан тыс қалмады.

Дәурен Әбілдинов, экологиялық қорғау бөлімінің басшысы:

- Қазір нақты көрсететін болсақ мына жерде бізде көміртегі оксидін көрсетеді, азот оксиді күкірт оксиді және шаңды нақты уақыт кезеңінде көрсететін параметрлер. Қазіргі кезде бірінші энергоблок ремонтта, параметрлер екі газ жүйесінде көрсетіп тұр.

Облыстық экология департаментінің мамандары жаңа құрылғының жұмысымен арнайы барып танысты. Жүйенің қоршаған ортаны қорғауға көмегі көп тиеді, дейді олар.

Мақсұт Хязархан, Экология департаментінің зертханалық-сараптамалық бақылау орталығының маманы:

- Павлодар облысы бойынша негізгі үлкен кәсіпорындар, 14 кәсіпорын қазіргі уақытта осы автоматтық мониторинг жүйесін енгізіп жатыр. Оның ішінде 11 ірі кәсіпорын өздерінде ауаға шығарылатын шығарындыларды өлшеу бойынша жүйені енгізіп жатса, үш ірі кәсіпорын су айдындарына шығарылатын шығарындыларға мониторинг жүйесін енгізіп жатыр.

Станцияның өзінде ішкі менеджмент жұмыс істейді. Ол экологиялық қауіпсіздік жүйесі бойынша үш айда бір рет тексеру жүргізіп тұрады. Ал жаңа мониторингтік жүйе қоғам үшін маңызды. Өйткені кез келген адам бірыңғай мәліметтер базасына кіріп, кәсіпорынның экологиялық көрсеткіштерімен таныса алады. Пилоттық жобаның таныстырылымы жақында Астана қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков «Хабар -24» Павлодар облысы