Қарағандыдағы «Таңшолпан» балалар үйіне жылыжай сыйлады

Қарағандыдағы «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері енді қысы-жазы өздері өсірген көкөністі тұтынатын болады.

Отбасы күні қарсаңында оларға жомарт жандар жылыжай сыйлады. Қайырымды іске «Тал-бесік» қоғамдық ұйымы ұйытқы болған, ал қажетті қаржыны, жол активтерінің ұлттық сапа орталығы бөлген. "Жылыжайдың ұзындығы 12, ені 6 метр. Келешекте 75 шаршы метр аумақта, жеткіншектер көкөніспен қатар гүл егіп, түрлі ғылыми жұмыстармен айналысады. Бұл балаларды еңбекке баулудың бір жолы", - дейді тәрбиешілері. Жылыжайды жыл 12 ай пайдалануға болады. Жылу, су және жарық орталық-тандырылған жүйеге қосылған. Қыс мезгілінде өсімдікке қажетті жарық сәулесін бөлетін арнайы шамдар орнатылған. Олардың барлығын қалай пайдаланып, көкөністі қалай күту керек екенін, арнайы агро-ном маман келіп үйретпек. Қазір балалар үйінде 84 тәрбиеленуші тұрады.

Айжан Рамазан, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

- Осы жылыжайды жасайды дегенде біз қатты қуандық. Енді осы жылыжай арқылы біз өз мамандықтарымызды таңдай аламыз және де гүл суаруды, дән салуды үйренеміз. 

Серік Әмірханов, "Таңшолпан" балалар үйінің директоры:

- Бұл жерде біз жемістерді егеміз деген ойдамыз. Балалар өздері күтеді, балаларды үйретеміз қалай егу керек, қалай күту керек. Балалар болашақта біздің орталықтан шығып, қоғамға қосылғанда өздерінің білгені болу керек деп ойлаймын, өмірде де керек болады деп ойлаймын.