Ақтөбеде 50 су ұңғымасын тазарту басталды

Ақтөбеде су тапшылығы мәселесін жою үшін бірқатар шара қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіршілік нәрі көлемін арттыру мақсатында шаһар аумағындағы 50 ұңғыманы тазарту басталды. Сонымен қатар жаз мезгілінде судан тарығатын Ақжар ауылына қосымша желі тарту көзделген. Жалпы қажеттілікті қамту үшін алдағы уақытта Ақтөбе су қоймасының қорын пайдалану туралы жоба әзірленіп жатыр.

Су ұңғымаларын тазарту жұмыстары қала шетіндегі Ақжар ауылынан басталды. Мердігер 6 нысандағы су желісін лайдан арылтады. Соның нәтижесінде ұңғымалар толық қуатына көшіп, тіршілік нәрін молынан алуға мүмкіндік береді. 

Талғат Бәйішев, мердігер ұйымның басшысы:

- Міне, кішкене мөлдір болды. Тазарып келе жатыр. 24 сағат бойы суды тазартамыз, содан кейін береміз эксплуатацияға. Негізгі құбырда фильтр бар. Фильтрлар бітеліп қалады. Содан су, өнім болмай қалады. Соны тазартып, су болу үшін соны істеп жатырмыз.

Бұл жұмыстың Ақжардан басталғаны кездейсоқ емес. Себебі жазда ауылда  су тапшы. Ал ұңғымалар тазартылса, тәулігіне 480 текше метрге дейін су алуға болады. Бірақ мамандар бұның өзі 10 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың қажеттілігін толық өтеуге жетпейді, - дейді мамандар.

Ерлан Блиев, коммуналдық мекеменің басшысы:

- Бір күнде шешу мүмкін емес ол мәселені. Суды үнемдеу мәдениеті қалыптасуы керек. Қосымша Кірпішті ауданынан Ақжар-2-ге дейін қосымша екінші су желісін тартамыз. Ол жаздыгүндері мына жетіспейтін судың көлемін толықтыруға мүмкіндік береді. Ол жоба бүгінгі күні басталып кетті. Біз келер жылдың осындай жазғы маусымына дейін аталған жұмыстарды аяқтап, іске қосу сияқты осындай біздің алдымызға қойған тапсырмаларымыз бар.

Ақтөбе – жерасты суын пайдаланатын елдегі бірегей өңір. Қазір қала көлеміндегі 50 ұңғыманы гидродинамикалық тазартудан өткізіп, олардың жұмысын жандандыру қолға алынды. Жоспарда қосымша ұңғыма қазу бар. Сөйтіп, Ақжардан өзге, Есет батыр ауылы секілді 10 мыңдаған тұрғыны бар ауыл, шағын аудандардың су мәселесін шешу көзделіп отыр. Жалпы қала тұрғындарының сұранысын өтеу үшін қала билігі тың бастаманы іске асыруға кірісті. 

Азамат Бекет, қала әкімі:

- Қарастырып жатқан бір жобаның өзі – ол Ақтөбе су қоймасындағы суды фильтр арқылы осы қалаға беру. Өздеріңізге белгілі, Астана қаласы толықтай осы су жинайтын жүйе арқылы Астана қаласын толықтай қамтып отыр. Бұл жобаның қазір ТЭО-сы жүріп жатыр, яғни жобасына дайындалып. Бұл жобалар жанданады. Әрі қарай жалғасын табады. Жақында, осы 3-4 жылдың ішінде толықтай шешіледі деп ойлаймын.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Жыл өткен сайын тұрғындар саны көбейіп келе жатқан Ақтөбе қаласы жаздыгүні тәулігіне 100 мың текше метрден астам су тұтынады. Алайда бұл мөлшердің өзі кейде аздық ететіні байқалып отыр. Кейбір шағын аудандарда ауыз су жоғары қабаттарға көтерілмейді. Бұл мәселені шешу мамандар үшін күн тәртібінде. Ал әзірге облыс орталығы 5 бірдей су қоймасынан ауызсу алады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.