Депутат: балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерге медициналық кастрация жасау керек

Балаларға зорлық-зомбылық жасағандарға «бостандығын шектеу» жазасын қолдану тиімсіз.

Мұндай қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айырып, оларға медициналық кастрация жасау керек. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев осылай дейді. Ол өзінің депутаттық сауалында жеткіншектерге қарсы қылмыстың көбейгенін айтты. Осылайша, учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысын сынға алды. Депутаттың сөзінше, елде жыл сайын 4 мыңнан аса бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі. Мектептегі буллинг, кибербуллинг дерегі де азар емес. 

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Халықтың еті мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек. Сондықтан біз бүгінгі депутаттық сауал арқылы қоғамның назарын бала құқығын қорғау мәселесіне аударуды жөн көріп отырмыз. Мәселен, жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика.