Қазақстанда балалар құқығын қорғауға бағытталған жоспар қабылданды

Елімізде балалар құқықтарын қорғауға бағытталған 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жоспарды әзірлеуге үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысқан. Жобаны жүзеге асыру барысында жеткіншектерге қатысты зорлық-зомбылық деректері жинақталып, қауіп факторлары анықталды.

Одан бөлек, Ұлттық білім беру деректер қоры шеңберінде интерактивті карта әзірленді. Онда әрбір білім ордасында оқитын балалардың жағдайын талдауға мүмкіндік беретін көрнекі деректер ұсынылмақ.

Еділ Оспанов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Мәселелерді жүйелі шешу мақсатында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және балалардың лайықты әлеуметтік ортада өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында сияқты негізгі 3 міндетті орындауға қатысты жаңа тәсілдер қолданылды. Интерактивті карта балалар ортасындағы жағымсыз құбылыстардың барлық түрлері бойынша облыстар, қалалар, аудандар, білім беру ұйымдары бөлінісінде статистикалық деректерді қамтитын болады.