Таразда 2,5 мың адам баспаналы болады

Биыл Жамбыл облысында көпқабатты 74 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Жыл соңына дейін 195 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 2 жарым мыңнан аса отбасы пәтерлі болады. Осылайша аймақта баспана мәселесі шешемін таба бастады.

Қазір қаладағы «Ұлы дала» шағын ауданында құрылыс қызған.

Тараздағы Ұлы дала шағын ауданының құрылысы осыдан 5 жыл бұрын басталған болатын. Жергілікті биліктің мәліметінше бұл еліміздегі ең ауқымды тұрғын үй алабының бірі болады.

Мұнда 150 көпқабатты үй, әкімішілк және әлеуметтік нысандар салынады. 362 гектар жерге жайғасқан шағын ауданда 40 мыңнан аса тұрғын қоныстанады.

Қазіргі таңда шағын ауданда 96 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оған қоса көпқабатты 46 үй салынып жатыр.

Ғалымжан Айтқұлов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Аталған үйлердің барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатыр. 1 шаршы метрінің құны 160 мың теңгеден. Бағасы арзан деп есептемеңіздер. Сапасы өте жоғары. Өздеріңіз көріп тұрғандай, барлығы монолит.

Шағын ауданда салынып жатқан арендалық 4 үйдің құрылысы жақында аяқталады. Пәтерлер үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала асыраушыларға беріледі. Бұған дейін баспаналы болғандардың арасында Айгерім Саймасаева бар. Балалар үйінің түлегі 10 жыл бойы пәтер жалдап тұрған. Көпбалалы ана былтыр қоныс тойын тойлады.

Айгерім Саймасаева, қала тұрғыны:

- Пәтір жақсы, жылы өзімізге ұнады. Әйтеуір балаларым қуанып қалды, қазір сабаққа орналасты. Сабақтарына барып келеді. Үйренісіп жатыр. Жақсы үй өзімізге ұнайды.

Жалпы Таразда 22 мыңға жуық тұрғын пәтер кезегінде тұр. Мәселені ішінара шешу үшін биыл әкімдік 37 үйді тапсырады. Ал ондағы пәтерлердің басым бөлігі мемлекеттік бағдарлама арқылы беріледі.

Нұрбол Қалдыбаев, қала әкімінің орынбасары:

- «Бақытты отбасы» бағдарламасына сәйкес қалалық әкімшілікте кезекте тұрған азаматтарға бастапқы жарнаның 10 пайызын тұрғын үй сертификаты арқылы төлеп беріп жатырмыз. Одан бөлек олар несиені 2 пайызбен алады.

Осылайша аймақта 2500-ден аса отбасы жыл соңына дейін баспаналы болады. Айта кетерлігі биыл аймақтағы тұрғын үй құрылысына республикалық қазынадан 15,2 миллиард теңге бөлінді.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, «Хабар-24».