Атырауда тауарлы балық өсіретін 7 шаруашылық ашылады

Осылайша экспорт көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр.

Аймақта алдағы 5 жылда балық өсіру көлемі 15 мың тоннаға дейін жетеді. Қазір отандық өнімге Ресей, Иран, Әзербайжаннан сұраныс жоғары.

Бұл балық өңдейтін зауыт осыдан 24 жыл бұрын ашылды. Түрлі өніммен өңірдегі сұранысты толық қамтып, алыс-жақын шетелге экспорттайды. Заманауи кәсіпорында 40-қа жуық адам еңбек етеді. Жақын арада мұнда тауарлы балық өсіру ісі қолға алынады.

Қарлығаш Өтепова, балық өңдеу зауытының директоры:

- Біз аулап және өңдеп қоймай, өсіруіміз керек балықты. Қазір соған көңіл аударып жатырмыз. Алға қарай мақсатымыз тоғандар салып, жабық-ашық дегендей, солардың бәріне өсіру, қара балықтарды көбейтіп, өсіруіміз керек. дүкендерімізді көбейтіп жатырмыз, халыққа қолжетімді бағада сатып жатырмыз.

Былтыр  облыста 200 тонна тауарлы балық өсірілді. Биыл тағы екі шаруашылық іске қосылса, өнім көлемі 400 тоннаға дейін артады.

Артур Сәдібекұлы, облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Алдағы 5 жылда тауарлы балық өсірумен айналысатын 7 шаруашылық ашамыз деген жоспарда бар. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Құрманғазы, Махамбет, Атырау қаласында және Жылыойда 1 субъекті бар. Осылардың бәрін жүзеге асырғанда тауарлы балық өсіру көлемі 15 мың тоннаға дейін жеткізу және экспорт көлемін 15 мың тоннаға дейін және жаңа 300 жаңа жұмыс орнын ашылу жоспарда бар.

Биыл көктемде Жайық-Каспий бассейні бойынша 8 мың тоннаға жуық балық ауланды. Олар өңделіп, 3500 тоннасы шетелге экспортталды. Ал қалғаны ішкі нарыққа жіберілді. Дегенмен Каспий теңізінде балық аулау қарқыны бәсең. Майшабақтар мен тереңдегі басқа да су маржандарын аулайтын кеме мен ау құралдары жоқ.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Теңізде балық аулайтын кемелер осыдан 60-70 жыл бұрын пайдалануға берілген. Қазір тозығы жетіп тұр. Енді жергілікті әкімдік кенже қалған осы саланы дамыту үшін инвестор тартуды жоспарлап отыр. Оған қоса кемелер шығатын теңіздің тамағы да таязданып қалған. Тереңдету жұмыстары қолға алынбақ. Осылайша тауарлы балық өсірумен қатар, жоғары сұранысқа ие майшабақтарды аулау көлемі де артады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев