Егіндікөл ауданындағы ауызсу мәселесі шешіледі

Егіндікөл ауданындағы ауызсу мәселесі жыл соңына дейін шешіледі.

Аймаққа жұмыс сапарымен барған су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов осылай деді. Биыл ауданда тозығы жеткен су құбырлары қайта ауыстырылып жатыр. Жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асатын құбырды қалыпқа келтіріп, 24 елдімекенді сумен қамтамасыз ету көзделген.

Алты мыңға жуық тұрғыны бар Егіндікөл ауданы көп жылдар тіршілік нәрінен таршылық көріп келді. Тіпті, биыл көктемде су тапшылығы сардарынан ауданда төтенше жағдай жарияланды. Жылдар бойы қордаланған мәселе кезең-кезеңімен шешімін таппақ. Қазір аймақтағы тозығы жеткен су құбырлары жаңартылып жатыр. Көптен күткен құрылыс  жұмыстары осы айдың басында басталды.

Руслан Манатаев, мердігер:

- Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына 10-нан астам техника жұмылдырылды. Күніне шамамен 2 шақырымға жуық құбыр салуды жоспарлап отырмыз. Жылдың соңына дейін аяқтап, халыққа су береміз деген ойдамын. Яғни 10-нан астам елді-мекенге сапалы ауыз су жеткізіледі.

Жалпы ауданға тірлішілік нәрі Нұра су қоймасынан келеді. Бірақ, сексенінші жылдары салынған құбырлар шіріп, жарамсыз күйге түскен. Қазір осы құбырларды ауыстыру мақсатында екі бірдей жоба қолға алынды. Оған республикалық қазынадан 630 мл.теңге бөлініп отыр.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Біздің ең үлкен мақсат осы 68 бен 16 шақырымды биыл бітіру. Келесі жылы бұл үлкен жоба екінші, үшінші кезеңі бар. Біз бас станцияда жұмыстарды атқарамыз. Скважиналарды тазалау, судың қорын көбейту келесі жылдың жұмысы. Оған қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Жоба аясында тек Егіндікөл ғана емес, сонымен қатар Қорғалжын және Атбасар аудандарының халқын сапалы ауыз сумен қамту көзделген. Жалпы биыл облыс сумен жабдықтау бойынша 48 жоба жүзеге асырылуда. Өңір басшысы 2025 жылға дейін барлық аудан, ауыл тұрғындарын жүз пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный