Шымкентте рұқсатсыз құрылыс салатындар жиілеп кеткен

Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары айдың күннің аманында үрейленіп отыр.

Алты жыл бұрын арнайы комиссия олардың үйін сейсмикалық күшейту қажет деп тапқан. Бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған. Ал биыл үйдің бірінші қабатында ауқымды құрылыс басталды. Салдарынан жүзге жуық отбасы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып отыр. Олар 60 жыл бұрын іргесі қаланған ескі ғимарат құлай ма деп қауіптенеді.

Қаратөбе тас жолындағы көпқабатты үйдің тұрғындары көшеге еңбектеп шығуға мәжбүр. Өйткені бірінші қабаттағы пәтер иесі ауқымды құрылыс бастағаннан кейін үйдің негізгі кіреберісі жабылып қалған. 

Светлана Купина, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Жүз пәтер бар. Егер өрт, жер сілкінісі бола қалса біз терезеден секіреміз ба? Құрылыс иесі бөлмелердің қабырғаларын бұзып, ішін кеңейтіп жатыр. Ол балалар орталығын жасамақшы. 

Бұл ғимаратты 2017 жылы сейсмикалық күшейту қажет деп комиссия шешім шығарған. Бюджеттен қаржы да бөлінген. Сонымен түйіткілдің түйіні тарқағандай еді. Бірақ тұрғындардың тынышы қайта бұзылды.

Нелли Ганжуга, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Тұрғындар емін-еркін кіріп-шыға алмайды. Қабырғаларды жағалап жүреміз. Маған өте ыңғайсыз. Көзім нашар көреді.

Тұрғындар барлық жауапты мекемелерге осы мәселеге байланысты хат жолдаған. Ізін ала тексеріс жүрді. 

Нұрбол Жүнісбеков, сәулет және жер қатынастары басқармасы басшысының м. а.:

- Біз құрылысты тоқтаттық. Қазір олармен сөйлесіп жатырмыз. Заңды түсіндірдік. Енді ғимаратты тексереміз. Егер мұндай құрылыс жүргізуге жарамсыз болса, бұл жерден оқу орталығын ашуға  тыйым саламыз.

Соңғы жылдары Шымкентте рұқсатсыз құрылыс салатындар жиілеп кеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қазметі осындай нысандар бойынша талдау жүргізуде.

Жандос Жұмабаев, Шымкент қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары:

- Мысалы құрылыс компаниясы 28 желтоқсан күні әкімдікке тұрғын үй кешенінің құрылысы басталғаны жөнінде хабарлама жібереді. Алайда 15 желтоқсан күні барлық пәтерді әкімдіктің тұрғын үй қорына сатып жіберген. Осылайша тұрғын үй кешенінің құрылысы рұқсат құжаттарысыз жүргізілгені анықталды.

Құзырлы орган осындай 10-нан астам деректі тіркеген. Жалпы биыл Шымкент қаласы бойынша құрылыс саласындағы заң бұзушылықтар үшін екі шенеунік сот алдында жауап берді. Олар қомақты сомада айыппұл төлеуі тиіс. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов