СҚО-да қаңғыбас иттер қаптады

Малға қасқыр емес, ит шапты.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауылында он шақты қой қаңғыбас иттерге жем болды. Иттер құсты да қырып жатыр. Мұнымен қоса жыл басынан бері осы елді мекенде екі оқушыны қауып алған. Сондықтан жергілікті тұрғындар балаларын жалғыз мектепке жіберуге қорқады.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Бәйтерек ауылының шетінде өздеріңіз көріп тұрғандай қоқыс полигоны орналасқан. Бұл жер бұралқы иттердің ордасына айналған. Тұрғындардың айтуынша көбіне төрт аяқтылар ауылға осы жерден келеді.

Ауыл тұрғыны Рина Советханқызының тұңғышын көктемде ит қапты.  Бірден құтырма ауруына қарсы екпе алып, уақытылы ем-дом қабылдаған.  Содан бері ол балаларын мектепке жалғыз жібермейді.

Рина Советханқызы, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

- Март айында біздің қызымызды мектептен шыға бергенде ит тістеді. Әлеуметтік желіге жаздым. Ешкім жауап бермейді, әкімшілік жауап бермейді. Бізде заң солай ит атуға болмайды дейді. Бірақ, қорадағы қойларды бәрін қырып жатыр. 20-30-дан үйрек–қаздарды. Ал балаларымызды қорқынышыпен апарып-әкелеміз, машинамен.

Қаңғырған иттердің зардабын жергілікті тұрғындар тартып отыр. Әсіресе төбеттер таң ата төрт түлікке шабады. Бұралқы иттер он шақты қойды қырып тастапты. Ал жақында Жұпархан ақсақалдың өріске кетіп бара жатқан малын жарған.

Жұпархан Мұсабай, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

- Ақан деген кісінің бес қойын түк қалдырмай қорасында жеп кетті. Одан кейін Чқу деген жігіттің екі қойын жеп кетті. Тауық-қаз дегенді былай шетінен жеп жатыр. Енді бүгін таңертең қойды шығара қойғанда былай өріп бара жатқан қойдан міне менің бір қойымды жарып кетті. Кімнен сұраймыз енді? Бақташыдан сұрайтын емес. Үкіметтен ана менің малымды жеп қойды дейтін емес. Тек итке бір шара қолданып берсе.

Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес бұралқы иттерді атуға тыйым салынды. Ал аудандарда әзір оларды ұстап бағатын арнайы орын жоқ.

Аманжол Нұртазин, ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:

- Өкінішке орай Бәйтерек ауылында оқиғаға байланысты ит әлі ауланған жоқ. Бірақ, ауланғанымен оны ұстау орны жоқ. Қазіргі уақытта  Қызылжар ауданымен арнайы жер бөлінген. 0,5 гектар жер ол Ольшанка ауылының маңында орналасқан. Сол жерде приют тұрғызылатын болады. Сметалық құжаттамасы дайын. Бұл мақсатқа 30 миллион теңге қарастырылған.

Биыл өңірде 667 адам итке таланды. Құтырма ауруынан да қауіп жоқ емес. Сондықтан ақ халаттылар иттің тісі тисе, бірден медииналық көмекке жүгіну керектігін ескертеді.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков