Атырауда «Алтын домбыра» байқауы өтіп жатыр. LIVE

Атырауда VІ Халықаралық дәстүрлі «Алтын домбыра» жеке домбырашылар және, 3 ішекті халық аспаптарында, күй орындаушылар байқауы басталды.

Сайыс Әзидолла Есқалиевтың 90 жылдығына арналды. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресейдің Астрахань облысының өнерпаздары қатысып жатыр. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Дәстүрлі «Алтын домбыра» байқауына Ресейде тұратын қандастырымыз тұрақты түрде қатысып келеді. Жалпы, Астрахан жері Құрманғазы күй мектебінің өркен жайған мекені десек, артық айтқандық емес. Себебі, ұлы күйшінің мәңгілік мекені де Осы облыстың «Алтынжар» ауылында. Енді биылғы байқаудың шарттарына тоқталайын. Байқау 2 кезеңнен тұрады. Талапкерлер кезегі анықталғаннан кейін  билет суырып берілген шығарманы орындайды. Екі кезеңде домбырашының Құрманғазының "Төремұрат», «Балқаймақ» күйлерін білуі міндетті. Ал шетелдік өнерпаздар Құрманғазының «Балбырауын», С. Шабельский, Л. Шаргородский «Той бастар» және Ә. Есқалиевтің «Жастар» күйін білуі шарт. Ал екінші кезеңде  шетелден келгендер сол елдің шығармасын орындайды. Енді бүгінгі байқау арналып отырған тұлға туралы бірер сөз: Әзидолла Есқалиев –  Қазақстан Республикасының Халық әртісі, “Құрмет” орденінің иегері, 1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық орындаушылар байқауының лауреаты, Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің «Алтын медаль» иегері, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, қазақтың ұлттық аспабы домбырада өзіндік өрнегі бар өте шебер  орындаушы еді. Бүгінгі байқаудың мақсаты осындай өрен тұлғаларды насихаттай отырып, халқымыздың күй өнеріне деген құрметін жас ұрпақтың санасына сіңіру екені белгілі.

Бүгінгі байқауда Құрманғазыдан өзге Дина, Дәулеткерей, Мәмен секілді батыс өңірде өткен күй тарландарының шығармалары да орындалады. 2 күндік байқаудың жеңімпаздарына атыраулықтар тіккен байрақтар бар. Ал бастысы астрахандық қандастарымыз тарихи отанына келіп күй кәусарына қанығады. Шеберлік салыстарды, шыңдалады. Биыл күй атасы Құрманғазының 200 жылдық мерей тойы Астрахан облысындағы  «Алтынжар» жерінде бастау алған болатын. Өнерпаздар Құрманғазы жерленген тарихи орынға барып зиярат етеді деп күтілуде.