Құмар ойындарға тәуелділік үлкен мәселеге айналды

Құмар ойындарға тәуелділік тығырыққа тірейтін үлкен мәселеге айналды.

Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділік отбасын тығырыққа тірейтін ауқымды мәселеге айналды. Бұл туралы психологтар Алматыда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты. Елде ұдайы құмар ойын ойнайтын 2 миллионға жуық адам бар. Оның 36 мыңы ғана өзінің теріс жолда екенін мойындап отыр. Жыл сайын 700 науқас психиатрлардың көмегіне жүгінеді. Бұл негізінен бір өзі алкогольді де, синтетикалық есірткіні де қолданып, құмар ойынның құрығына түскен адамдар. Алыс және жақын шет елдерден келген жетекші сарапшылар лудоманиямен күресудегі тәжірибесін бөлісті.

Нәби Есімов, психикалық денсаулық орталығы бас директорының орынбасары:

- Жалпы ментальді бұзылыстар өте өзекті мәселе қазіргі таңда. Қазіргі таңда статистиканы қарасақ, жалпы ментальды бұзылыстар бұл өте жас кезеңде пайда болатын бұзылыстар. Негізі шамамен 18 бен 35 жас аралығында шамамен осындай жас аралығында біздің бүкіл патологиялардың өршуі пайда болады. Сол себепті қазіргі таңда реабилитация сұрақтары осы жас біздің азаматтарымызды қайта қоғамға қайтып оралту бұл біздің негізгі мәселеміз болып табылады.