Қарағанды облысындағы 6 ауылға ауызсу тартылып жатыр

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты 27 ауылда ауызсу тапшы.

Тіпті тіршілік нәрін тасып ішетін елді мекендер бар. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін сол ауылдардың барлығы сапалы ауызсумен қамтылмақ. Президент Жолдауда су үнемдейтін технологияларды енгізудің де маңыздылығын атап өтті.

Матақ ауылының тұрғыны Баян Мәкеева тұщы суды 70 шақырым жерден тасып ішеді. Себебі ауылда тапшы. Ал көлігі жоқтар жергілікті құдықтың тұзды суын тұтынуға мәжбүр. 

Баян Мәкеева, Матақ ауылының тұрғыны:

- Әсіресе қыс айларында тасымал су өте қиын. Ауылда су жоқ емес бар, бірақ ол су ішуге жарамсыз. Биылғы жылы ауылымызға құбырлар тартып, ауызсу жеткізуге жұмыс жасалып жатыр. Сол жасалып жатқан жұмыстар тез арада бітіп, ауыл халқын қуантуға Алла нәсіп етсе екен деп тілеймін.

Матақ ауылына осыдан тура 17 жыл бұрын «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы су жүйесі тартылған. Бірақ тұрғындар тұщы суға қол жеткізбеді. Айтуларынша, ұңғыма небәрі 17 метр тереңдікте қазылыпты. Мамандар биыл тағы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 6 шақырым жерден сапалы су көзін тапты. Тіршілік нәрін ауылға жеткізу үшін қазынадан 340 миллион теңге бөлінген. Қазір соның 80% игерілді.

Жәнібек Әбіқаев, мердігер:

- 2 скважина қазылған. Су берілген, тексерілген, зертханада тексерілген. 2 резервуар бар 50 кубтық. Ауылға сорғымен "качайтетіп" тұрады. Сосын 1 мұнара бар. Бұрын ол негізгі болған, қазір –  авариялық. Өйткені жарық болмаса да, ауылда су болып тұрады.  

Қазір аудандағы 6 елді мекенге су тартылып жатыр. Ең ірі жоба Қарқаралының басында жүзеге асып келеді. Бұл мақсатқа қазынадан 3 миллиард теңге қарастырылды. Ол ақшаға 38 шақырым қашықтағы Жарлы жерасты су көзінен тіршілік нәрі жеткізіледі.

Қуандық Таласбаев, Қарқаралы ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Қалалық орталық толығымен ауызсумен қамтылған. Ауылдық елді мекендерде ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 82,9% құрайды бүгінгі күні. Жалпы Президенттің тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін толық көлемде 100% елді мекендерді таза ауызсумен қамту міндеті тұр.   

Қазір Қарқаралы ауданындағы 27 елді мекенде ауызсу тапшы. Билік өкілдерінің айтуынша, алдағы жылы 13 ауылға ауызсу жеткізілмек. Қалғаны 2025 жылы қамтылады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.