«Ауыл аманаты»: Түркістан облысына ₸20 млрд бөлініп отыр

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы ретте Созақ ауданы мал шаруашылығы саласында өзгелерге үлгі. Президент Жолдауда: «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек», - деген болатын. Ауданда аталған жоба қалай жүзеге асып жатыр? Тұрғындардың құлшынысы жайында әріптесім айтып береді.

Созақ ауылдық округінің тұрғыны Саясат Әмірбаев биыл «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 2,5%-пен 6 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Оған 17 бас өгіз сатып алып, қорасында бордақылап отыр.

Саясат Әмірбаев, Созақ ауылдық округінің тұрғыны:

- Семіртіп сатамыз. Ауылдық мекемелер алады. Соларға өткіземіз. Келісімшартқа отырып қойдық. Келешекте осы төрт түлік малды байлап, ары қарай дамтып, дөңгелетіп әкету – біздің мақсатымыз. Мал басына мал қосып, жеңіл пайыз болғандықтан, мүмкіншілік бар. Байлауға, мал алуға. 6 жылға алғанбыз, 1 жыл демалысы бар. Келесі жылы осы уақытқа басталады.

Созақ ауылдық округінен жобаға қатысуға 100-ден аса өтініш түскен. Соның ішінде 56 жоба мақұлданып, тұрғындарға 301 млн теңге несие берілген.

Арман Әнуарбекұлы, Созақ ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Жалпы мақұлданған 56 жобаның 55 мал бағыты бойынша алған. 1 бағыты жүн, мақта түту цехы бойынша алып отыр. Жеке кәсіп бойынша тауық, балық, темір өндірісі бойынша тағы да алатын 16 азаматтың құжаты қазір Ырыс микрокредит ұйымында қаралып жатыр. Ең төменгі сумма 3 млн-нан басталып, 8,5 млн теңгеге дейін алғандар бар қазір.

Созақ ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасына Шолаққорған, Созақ, Құмкент және Жартытөбе ауылдық округтері кірді. Сәйкесінше 4 кооператив құрылды. Қаржы ұйымына 214 азаматтан өтініш түссе, соның ішінде 153-і мақұлданды. Қазір нақты 100 азамат тиісті қаржысына қол жеткізген.

Қайырбек Мейірманов, Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Созақ ауылдық округі бойынша жаңа кооператив құрылған. Оның құрамында 68 азамат бар. 26 млн теңгеге қазіргі таңда қаржысы мақұлданып, осы аптаның ішінде алады деп жоспарлап отырмыз. Мақсаты – ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту. Өз кәсібін дамытамын деген азаматтарға байланысты шлакоблок өндіремін, тоқыма тоқимын, наубайхана ашамын деген азаматтар бойынша 18 өтініміміз бар. Оның ішінде екеуі мақұлданды. Түйе мен қой жүнін өңдеп, көрпе-жастық шығаруға деп алды.

Биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Түркістан облысына 20 млрд теңге бөлініп отыр. Оған өңірдегі 16 ауданнан 64 ауылдық округ қатысып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.