Теңізде туып, теңізде өскен

«Теңіз Әдекеңе қарыз, Әдекең теңізге қарыз».

Қызылорда өңірінде осындай сөз тараған. Ертеден ау салып, қармақ тартқан әулеттің ізін жалғастырушы Әділбек Әйімбетовтың атасы ашық теңізге шығып,  қайтып оралмапты. Дегенмен кәнігі балықшының кейінгі ұрпағы тереңнен су маржанын теріп, игілігін көріп отыр. Ішкі нарықтан бөлек Аралдың көксеркесін құрлық асырып отырған жайы бар. Теңіз бен адамның бір-біріне қарыздар болуының да түп себебі осыған саяды.

Теңізде туып, теңізде өскен Әділбек Әйімбетов қарапайым балықшыдан аудандық атқару комитетін басқаруға дейін өсті. Өмір жолында «Арал балық өндірістік бірлестігі» мен «Қамыстыбас» балық тұқымбағының да тізгінін ұстады. Зейнетке шыққан 2010 жылдары қаңырап бос қалған бұрынғы балық зауытын жандандырып, Арал теңізі мен Қамбаш көлінің балығын терең өңдеп сатуға кірісті. Қазір цех күніне 4 тоннадай балық өнімін шығарады.

Жәмилә Маханбетова, зауыт шебері:

- Балықтан саңылдырығы, ұрт еті, жон еттері шығады. Бәрі сатылымда, ешқандай қалдық қалдырмаймыз. Бұл жерде 25-30 шақты қыздар жұмыс істейді. Бәрі бір-бір отбасыны асырап отыр. Жұмысымыз жақсы, балық бар болса айлығымызды уақытылы алып отырамыз.

Келісі 10 еуроға бағаланатын көксеркенің жон етін Еуроодақ елдері аттай қалап алады. Кәрі құрлық мемлекеттерінің қатаң талаптарына сай болу үшін кәсіпорын жылдық табыстың басым бөлігін технологияны жаңғыртуға жұмсайды. Ал торта, ақбалық, тыран, шортандар ішкі нарықпен бірге Ресей мен Грузияға жөнелтіледі. Әділбек Әйімбетов үкімет бекіткен квотаны әзірге теңізден аулап тұрмыз дейді. Бірақ балықшы жұрттың Арал суына алаңдаулы екенін жеткізді.

Әділбек Әйімбетов, балықшы:

- Балықшы көп балыққа үйреніп қалды. Біз балық аулауды білеміз, балық өңдеуді білеміз. Бізде проблема балық өсіру. Осымен айналысуымыз керек. Ал үлкен проблема - ол енді облыс, республиканың мәселесі. Сырдарияның суы толық болса, кіші Арал деңгейін ұстап тұрса деген арман.

Теңіз дауылы мен өмір соқпақтарында желкенін жықпаған қарт балықшы 70-тен асса да тағдырын айдынды Аралмен байланыстырады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев