Ақтауда теңіз жағасында егеуқұйрық қаптап кеткен

Зиянкестерден шошыған халық жауапты мекемелерге наразылығын әлеуметтік желіге жариялап жатыр.

Мамандар бұл жағдайға тұрғындарды кінәлайды. Айтуларынша, егеуқұйрықтар жағалаудағы тамақ қалдықтарымен қоректеніп, тез көбейіп кеткен. Әрі, қалада қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жер қазу кезінде кеміргіштер топырақ бетіне шығып, шағын аудандарға таралған болуы мүмкін дейді. Эпидемиологтардың мәліметінше, егеуқұйрықтарға қарсы улау жұмыстары соңғы рет 2013 жылы жүргізілген. Егер қала билігі   қаржы бөлсе, мамандар іске кірісуге дайын отыр.

Әсима Жарылғасова, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

- Қаланы ұсақ және ірі жәндіктерден улайтын уақыт келді. Жалпы, мұндай шаралар жыл сайын атқарылуы тиіс. Бірақ, менің білуімше оған 10 жылдан бері ешкім бас ауыртпаған секілді. Егеуқұйрықтар тез көбейеді, сондай-ақ олар түрлі ауруларды тасымалдайды.

Бақтияр Мақсатов, қалалық ТҮКШ сектор меңгерушісі:

- Шағын аудандар ішінде тұрғын үйлердің жертөлесінде қызмет көрсетуші мекемелер жасайды. Жыл сайын 2 рет жасайды олар. Бүрге, басқа да зиянкестерді улау бойынша. Ал қала аумағында, теңіз жағасында бұрын болмаған. Осы жылы шығып жатыр. Қазір коммерциялық ұсыныстар мен бағаларын анықтайық. Ол жағажайда ғана емес, ғимараттарда жасалуы керек деп есептейміз Себебі, сыртта уланғанмен олар подвалға кірулері мүмкін.