Су тапшылығы – күрделі мәселе

Жыл соңына дейін еліміздегі су үнемдеу технологиясы қолданылатын суармалы алқап көлемін 300 гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері хабарлады. Алайда, сарапшылар бұл межеге жетудің қиын екенін айтады. Себебі су тапшылығы келесі жылы да салаға кесірін тигізуі әбден мүмкін.

Мұхтар Ортаев он жылдан аса уақыт егіншілікпен айналысып келеді. Алайда, биылғы қуаңшылықтың салдарынан түсім аз. Жылдағы межеден он есе кем. Диқан су үнемдеу технологиясын енгізуге ниетті. Бірақ қалтасы көтермейді.

Мұхтар Ортаев, диқан:

- Тамшылатып суару технологиясына жерасты суын пайдалануға болады. Дегенмен ол үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Қазір 50 пайыз көлемінде субсидия төленеді. Ал егер технологияны енгізуге 80-100 пайыз субсидия қарастырылса, біз шығынға ұрынбас едік.

Су шаруашылығы институты су үнемдеу технологиясын енгізу шығындарын есептеді. Мамандардың қорытындысына сүйенсек, 1 гектарды қамту үшін 800 мың теңгеден астам қаржы қажет.

Тұрсын Ибраев, ҚАЗСШҒЗИ директорының орынбасары:

- Биыл жағдайдың ушыққанына көз жетті. Климаттағы өзгерістер салдарынан су ресурстары бұдан былай да кеми береді. Жамбыл облысындағы қуаңшылық сияқты су тапшылығы жиілейді. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – су үнемдеу технологиясын енгізу.

Ғалымдардың айтуынша, аталған технология егін түсімін 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елімізде 280 мың гектар осы әдіспен суарылады. Бұл – барлық суармалы алқаптың 20 пайызы. Бүгінде субсидиялау жүйесін өзгерту мәселесі талқылануда.

Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Қазір фермерлердің су ұңғымасына кететін шығындарының 80 пайызын субсидиялау мәселесі қарастырылу үстінде. Оның ішінде 30 пайызы жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұйрықтың жобасы тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.

Әйтсе де мамандар субсидияны ұлғайтқаннан бұрын арнайы реформаны қолға алу қажет екенін айтады. Және бұл қаржының жұмсалуына қатаң бақылау орнату қажет дейді.

Сергей Уткин, заңгер:

- Ауыл шаруашылығында қауіп жоғары. Жаңа өзгерістен фермерлер егін өсірмей-ақ пайда табуға болады деген ойға келуі мүмкін. Қағаз жүзінде бәрін реттеп қойып, қит етсе, қуаңшылыққа жаба салуы да ғажап емес. Сөйтіп, мемлекеттің ақшасын оңай жолмен қалтаға басады.

Келесі жылдан бастап Үкімет субсидия көлемін 80 пайызға көтермек. Осылайша 7 жылда жаңашыл технология қолданылатын суармалы алқапты 750 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мейрам Жүнісов