Алматыда қала әкімдігінің ғимараты қалпына келтірілді

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде қираған қала әкімдігінің ғимаратын реконструкциялау аяқталды.

Ғимарат өткен жылғы тәртіпсіздік кезінде зардап шегіп, өрттен 80% залал келген болатын. Жөндеу жұмыстары 2022 жылдың ақпан айында басталған еді. Мамандардың айтуынша ғимараттың тарихи келбеті сақталып, заманауи технология мен құрылыс стандарты ескеріле отырып жаңғыртылды. Әкімдікке қызметкерлер алдағы аптадан бастап көше бастайды.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Қалпына келтірілген әкімдік ғимараты жаңа бөліммен толыққан. Бірінші қабаттағы қоғамдық қабылдау бөліміне тұрғындар емін-еркін кіріп, қажетті мамандармен кездесіп, сонымен қатар арыз-шағымдарын қалдыра алады,-дейді.

Реконструкция кезінде бірінші кезекте адамдардың қауіпсіздігі ескеріліпті. Ғимараттың сейсмикалық төзімділігі 9-10 баллға дейін артқан. Өрт қауіпсіздігі күшейтілген. Құрылыс барысында үнемді энергия технологиясы қолданылып, жаңа жылыту жүйесімен жабдықталған. Барлық инженерлік коммуникация автоматтандырылған. Ішкі безендіруге отқа төзімді жанбайтын материалдар пайдаланылыпты. Бұрын болмаған жаңа түтін шығару жүйесі орнатылған.

Әміржан Нәбиев, құрылыс компаниясының бас директоры:

- Нысан толықтай бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Ғимараттағы адамдардың қозғалысы да қадағаланады. Қызметкерлер үшін Face ID қауіпсіздік жүйесі орнатылды. Сонымен қатар барлық павильондар автоматтандырылған өрт сөндіру құрылғысымен жабдықталған.

Әкімдік ғимаратын қайта қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары бір жыл жеті ай жүріп, үш павильон толық пайдалануға берілді. Төртінші павильонның құрылысы бір айдан кейін аяқталады екен. «Мердігер компания құрылыс сапасына 2 жыл кепілдік берген. Іске негізінен отандық материалдар пайдаланылды»,-дейді мамандар.

Бейбіт Шаханов, қала әкімінің аппарат басшысы:

- Қайта реконструкция жасау кезінде біз мүмкіндігінше толықтай тарихи сәулеттік көрінісін сақтап қалуға тырыстық, көріп отырсыздар. Бұрыңғы суреттермен салыстырсаңыздар барлығы сол күйінде сақталған. Бұл жерде өзгеріс болғаны тек қана жаңағы бірінші қабатта азаматтарды қабылдау бөлімі болды. Ол кеңейтілді.

Көзге көрінетін өзгерістерден қасбеттегі жұлдыздың орнына бейбітшілік пен отбасы негізінің ұлттық символы шаңырақтың бейнеленгенін айта кеткен жөн. Мұнда 700 орынға есептелген 360 кабинет бар. Ғимаратта 14 басқарма мен әкімдік аппараты болады.

Авторлары. Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев