Таразда жылу маусымы 15 қазанда басталады

Таразға жылу 15 қазаннан бастап беріледі.

Мамандар жылу электр орталығындағы су жылытқыш қазандарды, турбиналар мен қосалқы құрылығыларды қалпына келтірді.

Жалпы Жамбыл облысында 600-ден аса автономды қазандық пен 9 коммуналдық кәсіпорын жылу маусымына дайын. Жоспарлы жөндеу және жаңарту жұмыстары мерзімінде аяқталды.

Кезекші диспетчер қондырғылардың ақаусыз жұмыс жасауын бақылайды. Александр Шаниннің жауапты қызметте жүргеніне 40 жыл болыпты.  Осы аралықта кәсіпорында апат болған жоқ, дейді. 

Александр Шанин, "Таразэнергоорталығы" АҚ кезекші диспетчері:

- Жылу электр станциясы 60 жыл тоқтаусыз жұмыс жасап келеді. Бұл білікті мамандардың тынымсыз әрі қажырлы еңбегінің нәтижесі. Тұрғындардың алдында жауапкершіліктің зор екенін түсінеміз. 

Биыл жылу электр орталығын жөндеуге мекеме қаржысы есебінен 150 млн теңге жұмсалған. 25 түрлі энергоқондырғының тозған тетігі жаңаланып, 7 бу қазаны қалыпқа келтірілді. Десек те, энергетиктер келешекте кәсіпорынды ауқымды жаңғырту қажет деп санайды. 

Жұмабек Бөлекбаев, "Таразэнергоорталығы" АҚ президенті: 

- Тараз қаласының 80 пайызын жылу, ыстық сумен осы ТЭЦ-4 қамтамасыз етеді. Сонымен бірге біз электр энергиясын шығарамыз. Қазіргі таңда мекемеде 398 адам қызмет жасайды. Барлық қызметкерлер өз қызметін ойдағыдай атқарып жатыр. Қысқа 100 пайыз дайынбыз. 

Қайта жаңғыртуды жүзеге асыруға кәсіпорынның бюджеті көтермейді. Сол себепті инвесторлар іздеп жатыр. Жуырда түрік компаниясы жаңа нысан салуға ниет білдірген. Қазір келіссөздер жалғасуда.  

Дамир Тұнғатов, облыстық энергетика және түкш басқармасы басшысының орынбасары:

- Жоспарлы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес толық атқарылды. 6 мың шақырым жылу желілері күрделі жөндеуден өтті. Бүгінгі таңда жылу көздері мен жылу желілері бойынша тиісті сынақ жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда әзірлік паспорттары алынды.

Жамбыл өңірінде елді мекендерге 10-15 қазан аралығында жылу беру жоспарланған. Алдымен әлеуметтік маңызды нысандар жылытылады. Ауа температурасы 8 градустан төмен болған жағдайда ертерек қосылуы да мүмкін. Қазір облыс орталығында термометр 20 градус жылылықты көрсетіп тұр.

Талғат Исламұлы, Анастасия Сүлейманова, Бақытжан Бапаев