Алматы облысында кәсіпкер шылаушын өсіріп отыр

Шылаушын – табыс көзі.

Ақдала ауылында тұратын Мархабат Қуандықов калифорниялық қызыл құртты көбейтіп, топырақтың құнарын арттыратын биогумос өндіріп жатыр. Соның арқасында биыл бау-бақшасы да берекелі болды.

Мархабат Қуандықовты шылаушын өсіруге достары шақырған. Былтыр Алматыдағы оқу семинарына қатысып, сертификат алады. Шылаушын асырау арқылы пайдалы іспен айналысуға болатынын түсінді. Сөйтіп, бір шаршы метр жерді тыңайтуға жететін «калифорниялық» қызыл шылаушындарды 150 мың теңгеге сатып алды. Бақшасындағы қи аралас топыраққа жіберіп бағады. Көп ұзамай шылаушын 500 шаршы метр жерге жайылады.

Мархабат Қуандықов, кәсіпкер:

- Бұған тек бақша емес, дәнді дақылдарды өсіруге болады. Шөпті де, жоңышқа дейді ғой. Соларды да өсіруге болады. Жүгеріні өсіруге болады. Жерді тыңайтады ғой. Қыста мынаны көтереміз. 1.5-1,20 метрге. Сонымен сабанын түсіріп қойғанбыз. Шығыс жағын көтереміз де, батыс жағын төмен түсіреміз. Сол кезде шылаушын өзінің температурасында, керек температурасында төмен-жоғары жылжи береді.

Бастапқыда өз ісін 10 шақты жауын құртымен бастаған шаруаның кәсібі ауылдастарына таңсық көрінді. «Құрт өсіріп уақытты босқа құртқанша, мал көбейтпей ме» дегендер болған. Бірақ Мархабат көктемде 10 гектар бау-бақшаны биогумуспен тыңайтты. Нәтижесінде қарбызы допша үрленіп пісті. Ал бір түп қызанақ бір шелек өнім берді.

Тілеген Қордабайұлы, Ақдала ауылының тұрғыны:

- Өнімділік нәтижесі жақсы. Алдында бір уысында шыққан ғой қарбыз, қызанақтар. Өнімді жақсы береді. Бір қызанақтың өзінен ала берсең, қайта қайта шыға береді.

Шылаушын өсірудің технологиясы қиын емес. Қи мен ми, су мен ылғал болса жеткілікті, - деп әзілдейді шаруа. Бақшадан 4 есе артық өнім жинаған кәсіпкер құнарланған топырақты ауылдастарына таратқан. Бақанас аймағының жері сортаң, тұзды, керішті келеді. Көкөніс пен жеміс-жидек өсе бермейді. Ал шылаушынмен тыңайтылған жер құнары артып, бақша дақылдарын молынан өсіруге болады, - дейді шаруа.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов.