Риддер қаласындағы көпті біріктірген көпір

Риддер қаласында 70 жастағы қария жаяу жүргіншілерге арналған көпірді жөндеп шықты.

Айтуынша, жергілікті әкімдік бұл іске жаз бойы кірісе алмаған. Бюджеттен ол шаруаға қажетті 15 миллион теңге бөлінбеген. Қыс келсе орталықпен қатынас үзіледі деп қауіптенген Владимир Хан ақыры шыдай алмай, көпірді өзі-ақ қалыпқа келтіре бастаған. Көршілері де қарап қалмай, игі іске бір адамдай атсалысқан.

Риддердің ішін Үлбі, Громотуха, Журавлиха, Быструха сынды он шақты өзен кесіп өтеді. Сол себепті көпір де көп. Саны 32. Мынау Хариузовка өзені. Бойында 5 көпір тұр. Былтыр әкімдік осындағы гидроқұрылғыны   жөндеген.

Сергей Денисов, Риддер қаласының тұрғыны:

- Осыған дейін мұнда ағаш көпір болған. Сықырлап әрең тұратын. Міне, жөндегелі бері жақсы болды. Айналып жүрсек көп уақыт кетеді. Қазір жол 4 есе қысқарды.

Осы өзеннің тағы бір тұсындағы мына көпір көктемнен бері сынып тұрған. Өзен суы көтерілгенде мұз шайып кетті, дейді Владимир Хан. Жақында құрылғыны өз күшімен жөндеп шықты. Өйткені әкімдік қолдау көрсетеміз дегенімен онысы ұзаққа созылып кеткен. Ал күн райы күтіп тұрмайды.

Владимир Хан, Риддер қаласының тұрғыны:

- Көпірді жөндеп шыққанымыз рас. Бастан-аяқ қайта тұрғыздық деуге болады. Өйткені екі жағалауға қатынайтын адам көп. Балалар да көп жүреді. Әкімдік қашан қаржы бөледі деп отырсақ, қыс түскелі тұр. Күн суыса мүлдем қиын болады. Сондықтан көп ойланбастан жөндеуге тура келді.

Белсенді зейнеткердің бастамасы көршілердің қолдауын тапты. Енді ары-бері өткендердің алғысына бөленіп жатыр.

Евгения Пугаева, Риддер қаласының тұрғыны:

- Жаз бойы сынып тұрды. Ағаштың шетімен әрең өтіп жүрдік. Енді міне көршілердің көмегімен жөнделіп, көзіміз ашылды. Әйтпесе әр өткен сайын қорқушы еді.

Рауан Құрметұлы, Риддер қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Биылға ол көпірді жөндегенге жоспарда болған бізде, жобалық сметалар дайындағанбыз,бірақ жергілікті кәсіпкердің арқасында ол көпірді ол кісі өзі жөндеді.

Енді бөлінген қаражат басқа шаруаға жұмсалмақ. Жалпы шаһарда жөндеу күтіп тұрған көпірлер жетеді. Келер жылы Громотуха өзенімен өтетін құрылғы жаңартылмақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин