Қызылорданың автобус паркі жаңа 50 техникамен толықты

Қызылорда қаласының автобус паркі жаңа 50 техникамен толықты.

Заманауи үлгідегі қоғамдық көліктердің кілтін облыс әкімі тапсырды. Жалпы жыл соңына дейін шаһардағы автобустар 100 процентке жаңарады. Бұл мақсатқа 1 миллиард 600 миллион теңге бағыттау көзделген.

Автобустар заманауи үлгіде жабдықталған. Жылыту, салқындату құрылғыларымен қатар бейнебақылау камерасы да бар. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне ыңғайлы. Облыс орталығы үшін өзекті болған қоғамдық көлік мәселесін жыл соңына дейін толық шешу жоспарланып отыр. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Былтыр біз осыны түсіне отыра 150 жаңа автобус алдық. Оған облыстық бюджеттен 1 миллард 400 миллион теңге қаржы бөлдік. Биылғы жылы да тағы да 150 автобус алуға 1 миллард 600 миллион теңге қаражат бөлдік. Осы арқылы қазір 50 автобус келіп, ертеңнен бастап халыққа қызмет көрсететін болады. 

Былтыр қаладағы қоғамдық көліктердің тек 5 бағыты жаңа автобустармен қамтылған еді. Қазір 19 бағыт бойынша ескі автобустар жаңасына ауыстырылған. 

Мақсат Жүсіп, автобус паркінің директоры:

- Енді осы келген елу автобуспен қала ішілік бағыттың тағы да 4 жаңа бағытын ашатын боламыз. Өзіміздің 13, 16, 23, 27 бағыттардың барлығын ашатын боламыз. Алдағы уақытта әлі де 100 автобус келуі күтілуде. Толықтай автобус келіп болғаннан кейін қалаішілік бағыттардың барлығын осы Қызылорда автобус паркі толықтай жүргізетін болады. 

Қалалық автобус паркінің кеңеюіне байланысты қосымша 200 тұрақты жұмыс орны ашылады, дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев